Допинг

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Допинг (ағылш. dope — есіртке; ағылш. doping — есіртке беру) — кейінгі жылдары спортта белең алып, оның ажырамас бөлігіне айналып барады.

Спортшылар медаль, атақ, жеңіс, рекорд, ақша үшін белді бекем буып, допинг қолданып, денсаулықтарына зиян келетіндігіне да көңіл аударар емес. Бұл әрі жылдан-жылға қарқынды түрде өріс алып, спорт әлемін кеулеп барады. Допингке деген сұраныстың шектен тыс артуын қалт жібермей, оны үлкен бизнеске айналдырып отырған әккілер де баршылық. Интерпол деректері бойынша, дәл қазір допинг (тыйым салынған препараттар) айналымы наркотик айна­лымынан да асып түсуде.

Осыған орай осы кеселмен күресу үшін Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) құрылған. Содан бері спортты химия мен зұлымдық­тан тазартып, спорттық жоғары жетістіктерге тек әділетті жолмен қол жеткізуді қалайтын, көксейтін қызу күрес жүргізіліп келеді.

Бір қызығы, допинг қолданғандардың арасында медицина мен химияны аса жақсы білмейтіндіктен, опық жеп жүргендері де баршылық. Мысалы, кейбір спортшылар ауырып-сырқаттанып немесе жарақаттанып қалған кезде тезірек емделу үшін дәрі-дәрмектер қолданады. Осындайда оның құрамында тыйым салынған препараттар да бар екенін білмей, жаза басып, жазықты болып жүргендер де бар.

Бүгінде допинг қолданғандары әшкере болып, жазаларын тартып жатқан, тіпті жеңіп алған медальдарынан айырылып жатқан спортшылар көп-ақ. Бұл тұрғыда, Америка сияқты өркениетті елдердің спортшыларының өздері аяусыз жазаға тартылуда.

Қазақстанда[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Өкінішке қарай, Қазақстан спортшыларының ішінде де допинг қолданғандықтан, спорттан алыстатылғандар да баршылық. Бұл тұрғыда қазақ ауыр атлеттерінің, жеңіл атлеттерінің, шаңғышыларының және конькишілерінің бастарынан өткен жағдайды айтуға болар еді. 90-шы жылдары бұрын әйгілі жеңілатлет әйел Ольга Шишигинаға «допинг қолданған» деп айып тағылып, Жетісудың қырмызы қызғалдағы 1996 жылғы Атланта Олимпиадасына қатыса алмады. Бірақ 2000 жылы Сиднейде Олимпиада чемпионы болып, өзінің нағыз аузымен құс тістеген дүлдүл екендігін дәлелдеп шықты. Ал 2007 жылы Қазақстан велоспортының серкелері Александр Винокуров пен Андрей Кашечкинге де «допинг қолданған» деген айып тағылды. Дәл қазір екеуі де өздерінің адал екендіктерін дәлелдеуге тырысуда. Бұл жерде жағдай мүлдем басқаша, себебі екеуінің басына түскен істе саясат басымырақ. Қазақтың нуы мен суынан нәр алып, ұлттық компанияларының қаржысынан жаралған команданың қамшының сабындай қысқа уақыт ішіндегі жетістіктері мен амбициясы шетелдіктердің (Халықаралық велоспорт басшыла­рының) қыты­ғына тиген тәрізді.

Допинг түрлері[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Стимуляторлар[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Стимуляторлар — адамның миына әсер ететін, ағзаның жұмысқа деген қабілетін (ойлау қабілетін де, күш-қуатын да) үйлестіретін заттар. Спортшылар мұны шаршағандықтарын ба­сып, күш-қуаттары көпке дейін жоғары деңгейде болуы үшін қолданады. Сондай-ақ салмақ қууға да жақсы көмектеседі. Зиянды әсерлері — қан қысымын көтереді; ашушаң қылып, күйгелектікке түсіреді; бұған үйренісіп-бейімделіп кету ықтималдығы басым; тамаққа деген тәбетті жоғалтады; жүрек қағысына кері әсер етеді; кеуде мен бас ауырады; адамның бойы дірілдейді.

Есірткелік анальгетиктер[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Есірткелік анальгетиктер — бұл ауырғанды басатын, адам ағзасына қатты әсер ететін заттар. Спортшылар мұны шаршағандарын басып, жарақаттарының ауырғандарын білдірмеу үшін қолданады. Осының арқасында олар жарақаттарына қарамай, жарыс-бәсекені, сайыс-доданы одан әрі жалғастыра береді. Зиянды әсерлері — бұған үйреніп кету ықтималдығы шектен тыс басым; бойыңды ұстай алмай қалуың да мүмкін; ұйқышыл қылады; жүректі айнытады, құстырады; іш қатады; естен тану белгілері байқалады. Мұны қолданған спортшыны үш ай ішінде тексерсе, бірден байқалады.

Анаболиктер[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Анаболиктер — жасанды және табиғи компонентер, адам ағзасына әсер ететін әрекеттері тестостерон аталық гормонына ұқсас. Спортшылар мұны бұлшық еттерін, күштерін және төзімділіктерін арттыру үшін қолданады. Намысты қайрай түседі. Неғұрлым ұзақ және қарқынды түрде жаттығуға қол жеткізуге болады. Зиянды әсерлері: еркектер үшін — бүйрекке зақым келтіреді, көкірек қуысы өседі; шаш түсе бастайды, аталық жұмыртқа қатаяды; белсіздікке (ұрықсыздыққа) және импотенцияға ұрындырады; безеу басып кетеді; ашушаң болып, төсек қатынасына деген «тәбет» күшейеді.

Әйелдер үшін — еркекке тән қасиеттер дами бастайды, тіпті бетті түк басады; дауыс ырғағы өзгереді; етеккір циклі өзгереді; ашушаңдық пайда болады. Стероидтар алты ай бойы ағзада қалып қоятындықтан, зәр арқылы мұндай допинг қолданғандар бірден әшкереленеді.

Диуретиктер[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Диуретиктер — денеден сұйық шығаратын препараттар. Қолданыстағы түрлері: ацетазоламид, хлорталидон, триамтерин. Негізінен бұлар салмақ қуу үшін қолданылады. Сондай-ақ басқадай тыйым салынған препараттарды қолданғандарын білдірмеу үшін кеңінен пайдаланылады. Зәр айдағыш қасиеттерінің арқасында ағзадағы химиялық преператтар сыртқа тез шығарылады. Зиянды әсерлері — сусыздандырады; құрыстырады; басты ауыртады, бас айналады; жүрек айныйды; бүйрекке зақым келтіреді.

Гормондар[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Пептидті гормондар және оған ұқсастар — белгілі бір функцияларды (атап айтқанда, қызыл қан тәндерін өндіру мен ауырсынуды) бақылау үшін адам ағзасында пайдаланылған заттар. Жасанды жасалған түрлері де болады. Қолданыстағы түрлері: өсу гормондары, эритропоиетин. Өсу гормондары бұлшық ет пен күшті көбейтеді, жарақаттың тез жазылуы мен жаттығу жұмыстарынан кейін спортшының спорттық бабына тезірек келуіне көмектеседі. Эритропоиетин қанның оттегіні тезірек игеру қабілетін арттырады, бұл өз кезегінде спортшының неғұрлым ұзақ және қарқынды түрде жаттығып, бәсекеге түсуіне ықпал етеді. Өсу гормондарын көп пайдалану қолдың, аяқтың, бет пішін мен ішкі органдардың өсуіне кері әсерін тигізеді. Мұны медицинада акромегалия дейді. Эритропоиетинді көп қолдану қанның қоюлануына әсер етеді, ал бұл өз кезегінде талмалы ауруға, инфарктқа ұшырауға, тіпті өліп кетуге ұласады.

Қан допингі[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қан допингі — бұл спортшының қанының құрамындағы эритроциттер шамасын арттыру, осылайша қанның оттегіні тезірек игеру қабілеті күшейтіледі. Қолданыстағы түрлері: спортшының қанына донорлық эритроциттер құю. Сондай-ақ басқа да әдіс-тәсілдері бар: ірі жарыс-бәсекеге дейін екі-үш ай бұрын спортшыдан белгілі бір мөлшерде қан алынып (немесе нағыз спорттық бабына келген кезінде алынуы да мүмкін), бұл қан консервіленеді (зертханалық жағдайда сақталады), ал нақты керек кезінде әлгі қан ағзаға қайта құйылады. Мұны қолданудағы басты мақсат — қанның оттегіні игеруін күшейте түсу. Осындай жолмен қан допингін қолдану адамның ағзасы үр жаңа қалыпқа түскендей етеді. Әрі олар төзімді де, шыдамды бола түседі. Зиянды әсерлері — қан түйіршіктері пайда болады; қан айналым жүйесіне жүктеме түседі; аллергиялық реакциялар бүйрекке зақым келтіреді; инфекциялық аурулар таралады. Көпке дейін мұны анықтау мүмкін болмай келген, бірақ қазір «ағынды цитометрия» мұндай допинг қолданғандарды айна-қатесіз айқындап береді.

Фармокологиялық, химиялық және физикалық манипуляциялар[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Фармокологиялық, химиялық және физикалық манипуляциялар — бұл зәр анализін бұрмалау үшін әртүрлі әдістер мен препараттар қолдану. Қолданыстағы түрлері: басқа адамның зәрін пайдалану (өткізу), эпитестостерон және бромантан қолдану. Спортшылар өздерінің зәрлерінің анализінде тыйым салынған препараттар бар екендігін жасыру үшін осындай әрекеттерге барады. Спортшы ағзасына айтарлықтай зияны тигізбейді. Мұны анықтау аса қиын емес, тек тексеруші шектен тыс мұқият болса болғаны.

Гендік терапия[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Гендік терапия — бұл кейінгі кездегі химиктердің жаңа жетістігі. Cебебі, уақыт өткен сайын өмір бір орында тұрмай, жаңа технологиялар жетілген үстіне жетіле түсуде. Гендік терапия — спортшы ағзасынан оның допинг қолданғандығын білдірмеу мақсатында ойланып шығарылған допинг түрі. Бұл бастапқыда бұлшық еттері сырқырайтын егде жастағы адамдар мен бұлшық еттері зақымданған адамдарды емдеу үшін шығарылған жаңа клиникалық сынақ еді. Мұнда сырқат адамның ағзасына синтетикалық ген енгізіледі. Бұлшық ет тіндерінің «құрылыс материалына» айналған синтетикалық генді бірнеше жылдардан соң табиғи гендерден айыру мүмкін болмай қалады екен. Алайда қазір медицинаның бұл жетістігі гендік допингке де айналып барады. Мұның артықшылығы синтетикалық ген өнімдері қан айналымына түспейді, енбейді. Сондықтан қан мен зәрден сынақ алынған кезде мұндай допинг қолданылғанын анықтау мүлде мүмкін емес. Осыған орай WADA ғалымдарға гендік тера­пияның спортқа енуіне тосқауыл болуларын өтініп, ұсыныс жасады. Допингке қарсы ірі ғылыми орталықтар осын­дай допингті бақылау әдістерін зерттеуде. Әзірше мұндай допинг қолданған адамдарға қандай зиянды әсерлері тиетіні де дөп басып айқындалмаған.

Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Doping