(Translated by https://www.hiragana.jp/)
Үстел теннисі — Уикипедия

Үстел теннисі

Үстел теннисі (Пинг-понг) – белгілі ғимарат ішінде, арнайы ойын үстелінде арнайы ракеткамен ойналатын, шапшаңдыққа бағытталған спорт түрі. Егер қарсылас арнайы допты үстелден тыс жерге асырса немесе сіздің алаңыңызға түсіре алмай допты ракеткамен торға ұрса сіз арнайы ережелер бойынша ұпай ала аласыз. Ойыншылардың бірі қателескенше шарды тез екі жаққа ұра береді. Қателескен ойыншы ұпай жоғалтады. Кәдуілгі қателер: шар тордан өтпей қалады; ойыншы шарды ракеткамен соға алмай, мүлт кетеді; соққан шары столдың қарсылас жақ бетіне тимей кетеді; шарды столға тимей тұрып соғып жібереді.

Тарихы

өңдеу

Пайда болуы

өңдеу

Үстел теннисі әрқашан жылдамдыққа бағытталған қатал сайыс екені рас. Алғашында XIX ғасырда оны түстен кейінгі ойын ретінде ермек қылған. Ойыншылар ас үстелінің үстіне тордың орнына кітаптарды қойып, шылымның қорабымен шампаның тығынын соғып ойнаған.

Атау тарихы

өңдеу

Пинг-понг сөзі 1901 жылдардан бастап кездесе бастады. Оған дейін, ойын кезінде шығатын әр түрлі дыбыстарға байланысты "Флим-флам", "Виф-ваф", "Госсим" деп аталып жүрді. Яғни, ресми түрде "Пинг-понг" атауын бір ғасырдай бұрын американдық Джон Джаквес тіркеді. "Пинг" - ракеткамен допты соққан кезде шығатын дыбыс, "понг" - доп ойын үстеліне тигенде шығатын дыбыс.

Ойынның даму сәттері

өңдеу

Алғашқы кезде ракеткалар ретінде жылтыр ағаштар қолданылды. Оларда қазіргі таңдағыдай қаптамалар мүлде болған жоқ. Мұндай ракеткалармен қазіргі таңдағыдай түрлі әдістердегі соққылар жасау мүмкін болған жоқ. 1903 жылы Ч. Гуд алғаш рет каучуктың борпылдақ қабатынан жасалған ракетканы ойлап тапты. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары бұндай ракеткалар өте кең түрде таралып, өзге ракеткалардың бәрін қолданыстан ығыстырып шығарды. Борпылдақ каучуктан жасалған ракетка ойынды жеңіл бақылауда ұстауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар ойын техникасына да өзгерістер енді. 1950 жылдары шыққан губкалық қабатты ракеткалар ғана качук қаптамасындағы ракеткаларды жеңе алды. Губкалық ракетка Еуропада өте кең таралып кетті.

1952 жылы Бомбейде өткен чемпионатта жапониялық Хиродзи Сато губкалық ракеткамен әлем чемпионы болды. Осы жылы жапондық команда әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысып, шабуылдаушы тактикаларының арқасында көптеген жүлделерді еліне алып қайтты. Олардың арасында алтын медальдар да бар. Алайда губкалық ракеткалар үстел теннисінің тартымдылығын төмендетіп жіберді. Себебі бұл ракеткамен соғылған допты қабылдау өте қиын болды. Мұндай ойында физикалық күшпен атқарылатын соққылар бірінші орынға шықты да, техникалық қабілеттіліктерді қажеттілігі шамалы болды. Үстел теннисінің кең таралуына кері әсер еткендіктен, 1959 жылы губкалық резиналы ракетканы пайдалануға тыйым салынды.

1959 жылдан бастап, губканы резинаның негізі ретінде қолдана бастады. Осының әсерінен шығарылған соққыны қабылдау мүмкіндіг артып, ойында техникалық мүмкіндіктерге жол ашылды. Ойын қарқыны да арта түсті. Жасалынатын соққының тек күшпен емес, техникамен атқарылуы ойында үлкен орын атқарды.

Маңызды күндер

өңдеу

1921 жыл - Англияда үстел теннисі федерациясы құрылды. 1926 жыл - Халықаралық үстел теннисі федерациясы дүниеге келді. 1926 жыл - Аталмыш спорт түрінен алғаш рет әлем чемпионаты өтті. 1952 жыл - Жапондық Хиродзи Сато жаңалық ашып, резинамен қапталған ракеткамен сайысқа түсіп әлем чемпионы атанды. 1988 жыл - Үстел теннисі 1988 жылғы Сеул Олимпиадасына алғаш рет Олимпиадалық спорт түрі болып енді.

Халықаралық федерация

өңдеу

Жазғы олимпиадаға үстел теннисі 1988 жылы Сеул олимпиадасынан бастап енді. Ал Паралимпиадалық ойындарға 1960 жылы-ақ енгізілді. (1960 жыл, Рим)

Ірі жарыстар

өңдеу

Ең маңызды жарыстар: Әлем чемпионаты, Әлем кубогі, Олимпиадалар. Танымал құрлықтық сайыстарға келетін болсақ: Еyропа чемпионаты, Europe Top-12, Азия чемпионаты және Азиада.

Ойын шарттары

өңдеу

Пайдаланылған әдебиет

өңдеу
  • Алматыкітап баспасы 2013 "Балаларға спорт жөнінде энциклопедиясы" ISBN 978-1-4053-6850-6 УДК 373 ББК 74.200.55 Б 22