Андалус таулары , Бетик таулары — Испанияда, Пиреней түбегінің оңтүстігінде орналасқан таулар. Ұзындығы 630 км, ең биік жері — 3478 м (Муласен тауы). Альпілік қатпарлану процесі нәтижесінде пайда болған ежелгі құрылымдардан түзілген. Ішкі тауаралық тектоник. қазан шұңқырлар мен аңғарларды жоталар бөліп жатыр. А.т-ның солтүстігінде карстты шөгінділер кездеседі. Климаты кәдімгі жерортатеңіздік, құрғақ субтропиктік. Жауын-шашынның басым бөлігі (700 мм-ден астам) қыста түседі. Жазы құрғақ. Тау етегінде пальмитос және гарига, тығын емені мен маквис, тау беткейлерінде мәңгі жасыл орман мен бұталар өседі.