Көзінен басқа ойы жоқ...
«Көзінен басқа ойы жоқ...» — Абайдың 1891 ж. жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 6 шумақтан тұрады. Сыншылдық сипатта, сықақтық леппен кестелеңген. Абайдың мешеу, мәңгүрт болып қалмаса екен деп, ел-жұртын үнемі енерге, оқуға үндегені, ағартушы болғаны, өнерсіздікпен, білімсіздікпен еш ымыраға келмегені белгілі.
Бұл өлеңінде де ақын надандықты, ойсыздықты мансұк еткен. Оның айтуынша, маңдайдағы көздің ғана болуы жеткіліксіз, адамның жүрек көзі, зерде көзі болуы керек. Ақыл, парасат көзінің болмауы - надандық. Ой көзі, көңіл көзі болса ғана, адамға шындық сәулесі түседі, сол арқылы адам іштегі кірін тазартса ғана, оның кеудесі нұр сандыққа, сыр сандыққа айналады.
Абай өз тұсындағы кейбіреулердің ой-сезімінен мақрұм қалып, тек екі көзіне мәз боп, әлдеқандайсып жүруіне таңырқайды. Қараңғылық пердесі надандардың көңілін басып тұр, ақылдан адыра қалған олардың есіл-дерті - тек қу тірлік деп күйінеді. Тағы айтатын бір жай - сол тұстары жұрт қатардағы қарапайым адамдарды ғана қараңғы, надан деп біліп, дін иелерін надан деп айтуға ауыздары бармайтын. Оларды оқыған, тоқыған, көп білетін ғұлама деп тұсінетін. Сондай қалыптасқан ұғымды Абай қорықпастан «дағарадай сәлдесі» бар молдалардың өзін надан, «кітапты теріс оқиды», «малқұмар көңілдері бек соқыр» деп жоққа шығарады. Мұның үстіне олардың жебірлігін жыртқыш «бұркіттен кем емес» деп әшкерелеген. Ақын өлеңінің түйіні - болмысты айқын көрер жүрек айнасы болмаса, басқаның бәрі бос сөз.
Өлең негізінен 8 буыннан тұрады, кей жолдары ғана 7, 9 буын ұйқасы -а, -б, -а, -б. Алғаш рет 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны ИбраҺим Құнанбайүғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Текстологиялық көп өзгөріске үшырамаған. Тек 1909,1957 жылғы жинақтар мен Мүрсейіттің 1907, 1910 жылғы қолжазбаларында 1-шумақтың 1-жолы «Көзінен басқа ойы жоқ», ал Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасында «Өзінен басқа ойы жоқ» деп жазылған.1909,1957 жылғы жинақтарда 5-шумақтың 2-жолы «Дағардай боп сәлдесі»болса, Мүрсейіт қолжазбалары мен 1933жылғы басылымда «Дағарадай боп сәлдесі»делінген. Ақынның кейінгі басылымдарына өлеңнің түпнұсқасы ретінде 1909 жылғы жинақ басшылыққа алынған.
Өлең өзбек, тәжік, түрікмен, қырғыз, қарақалпақ, ұйғыр тілдеріне аударылған.[1]
Өлең
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Көзінен басқа ойы жоқ,
Адамның надан әуресі.
Сонда да көңілі тым-ақ тоқ,
Жайқаң-қайқаң әр несі.
Білмейсің десе, жел өкпе,
Дейді дағы – тәңірі ісі.
Бірінен бірі бөлек пе,
Иемнің әділ пендесі?
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі
Іштегі кірді қашырса
Адамның хикмет кеудесі
Наданның көңілін басып тұр
Қараңғылық пердесі.
Ақылдан бойы қашық тұр,
Ойында бір-ақ шаруасы.
Кітапты молда теріс оқыр,
Дағарадай боп сәлдесі.
Малқұмар көңілі – бек соқыр,
Бүркіттен кем бе жем жесі?
Жүректе айна жоқ болса,
Сөз болмайды өңгесі.
Тыңдағыш қанша көп болса,
Сөз ұғарлық кем кісі.[2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9
- ↑ https://bilim-all.kz/olen/519-Kozinen-basqa-oiy-zhoq
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |