Осман империясы
Осман империясы (осман. دولت علیه عثمانیه — Devlet-i Âliyye-i Osmâniyye, Ұлы Осман мемлекеті) — Еуропа, Азия және Африка құрлықтарында орналасқан ортағасырлық көпұлтты мемлекет.
Мемлекет XV-XVII ғасырларда үш құрлыққа (Еуропа, Азия, Африка) жайылып, оңтүстік-шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Солтүстік Африканың басым бөлігін билеген; батыстағы Марокконың Атлант жағалауынан шығыстағы Парсы шығанағының жағалауына дейін, солтүстіктегі Украинадан оңтүстіктегі Сомалиға дейінгі аймақты қамтып жатқан[1].
Бұл мемлекет алты ғасыр бойы Батыс пен Шығыстың қарым-қатынас жасасуының бел ортасында болып келді. Құдіретінің шарықтау шыңында Османлы мемлекеті 42 уәлияттардан тұрып, оған бағынышты Валахия, Молдова және Трансильвания князьдіктері Османлы мемлекетіне алым-салық төлеп отырды. Бүгін Ыстамбұл (түр. İstanbul) деген атпен белгілі Константиние (осман. قسطنطينيه — Konstantîniyye) қаласын өзінің елордасына айналдырған Османлы мемлекетін көп жағынан бұрынғы жерортатеңіздік өркениеттердің, атап айтқанда Рим империясының және Шығыс Рим империясының ислами мұрагері деп атауға болады. Османлылар да өздерін Ежелгі Рим мен Ислам мәдениетінің жалғастырушылары деп, яғни «мәдениеттердің бірігуі» арқылы «бүкіләлемдік мемлекеттің» билеушілері ретінде қарастырды[2].
Тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Құрылуы (1299-1402)
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Османлылар ата-тегі оғыздардың қайы тайпасынан шығады. Бұл тайпа XIII ғасырдағы моңғол шапқыншылығынан құтылып, Анадолы жеріне көшеді. Тайпаның басшылары осында әскер жинап жатқан хорезмшаһ Жалаладдин Мәңгібердінің (1199-1231) қызметінде болады. Кейінірек Ертұғрыл бей (1198-1281) бастаған тайпаның бір бөлігі Анадолы Селжұқ Мемлекетіне көшеді. Селжұқтардың сол кездегі сұлтаны I Алаеддин Кейқұбат (1192-1237) Ертұғрылға Анадолыдағы Сөгүт қаласын сыйлайды. Ертұғрылдың ұлы I Осман (1258-1324) осы қалада 1299 жылы Османлы бейлігінің негізін қалайды.
Орхан (1288-1362) Анадолының батысын толығымен басып алады.
I Мұрат (1326-1389) өз әкесі мен атасы сияқты Анадолының әжептәуір жерлерін басып алды. Бұл жетістіктерді пайдаланып, ол 1383 жылы өзін «сұлтан» етіп жариялайды. Ол 15 маусым 1389 жылы Косово даласындағы шайқаста серб серісі Милош Обиличтің (сер. Милош Обилић) қолынан қаза табады.
I Баязит (1357-1402) Косово даласындағы шайқаста өз әкесі сербтерден қаза болуына байланысты ол кек алу мақсатымен көптеген сербтерді қырып жойды. Сербиядағы жеңістен кейін ол өз отарлауын Анадолыда жалғастырады: Айдын, Сарухан, Гермиян, Ментеше, Хамит және Қараман бейліктерін басып алады. Осылайша I Баязит османлы иеліктерін тез арада екі есе арттырады (жерлерді тез жаулап, өз шешімдерін тез шешетіндіктен оған «Шапшаң» (түр. Yıldırım) деген лақап ат қойылған). Бірақ ол бұл иеліктерді қалай шапшаң басып алса, сонша айырылып қалды. Бұның себебі — I Баязиттің замандасы Әмір Темір болуы және ең бастысы I Баязит көкірекшілдікке беріліп кеткені. I Баязит Әмір Темірге жазған көптеген хаттарында жәбірлейтін сөздер жазып, оны жете бағаламайды. Әмір Темір жауап ретінде османлылардың басып алған бейліктерін жаулап, оларға қайтадан тәуелсіздік береді. Ал Әмір мен Сұлтанның арасындағы шешуші шайқас Анкара (түр. Ankara) жерінде болады. Соғыста Әмір Сұлтанды жеңіп, оны қамауға алады. Сұлтан қамауда 20 шілде 1402 жылы қаза табады.
Сұлтанаралық (1402-1413)
[өңдеу | қайнарын өңдеу]I Баязит қайтыс болғаннан кейін Әмір Темір ойрандаған Османлы мемлекетінде ортақ билеуші болмайды. I Баязиттің үш баласы өзін сұлтан деп жариялайды: Иса Бұрсада, Сүлеймен Эдирнеде, ал Мехмет Батыс Анадолыда. Бұл жағдай сұлтанаралыққа әкеп соқты. 1405-1406 жылдары Мехмет Исаны жеңіп, Бурсаны басып алады. Кейін 1411 жылы I Баязиттің ортаңғы ұлы Мұса да өз ағасы Сүлейменді жеңіп, Румелияда өзін сұлтан деп жариялайды. Тірі қалған екі ағайындылардың шешуші шайқасы 1413 жылы болды. Сол шайқаста Мехмет жеңеді, ал жеңілген Мұса Валахияға қашып, сонда қайтыс болады.
Өркендеуі (1413-1453)
[өңдеу | қайнарын өңдеу]I Мехмет (1387-1421) сұлтанаралықтан жеңімпаз болып шығып, өзін күллі Османлы мемлекетінің сұлтаны деп жариялайды. Ол Анадолыдағы бейліктердің бәрін (Қараманнан басқа) қайта жаулап алады. Сонымен, Османлы мемлекеті қайта өз қалпына келе бастайды. I Мехмет 1421 жылдың 26 мамырында қайтыс болады.
II Мұрат (1404-1451) 1422 жылы Константинопольді қоршайды. Бірақ сол кезде османлыларда флот та, артиллерия да болған жоқ. Бұған қарамастан олар Византияға шабуыл жасап, көп жауынгерлерінен айырылады. Оған қоса Анадолыдағы бейліктер жаңа бүліктер бастайды. Сондықтан II Мұрат Константинополь қоршауын тоқтатады. Бүліктерді басқан соң, ол Балқан түбегіндегі жерлерге бірнеше жорық жасайды. Балқандарда олар кейбір жеңістерге қол жеткізеді. Қожа Мұрат Эдирне қаласында 3 ақпан 1451 жылы мерт болады. Оның баласы әйгілі әскербасы әрі саясаткер II Мехмет ізбасары болады.
Дамуы (1453-1579)
[өңдеу | қайнарын өңдеу]II Мехмет (1432-1481) 1453 жылы 21 жасында Шығыс Рим империясының елордасы Константинопольді жаулап алып, мемлекетті толығымен жояды. Сұлтан Константинопольмен шектелмей, Еуропаның басқа да жерлерін жаулауға кірісті. Тіпті Италияның Отранто қаласына дейін жетеді. Бірақ оның жасы мен денсаулығы оның көптеген жоспарларына кедергі болды. 1481 жылы Гебза қаласында мерт болды.
I Сәлім (1467-1520) 1517 жылы Мысырдағы мәмлүктердің мемлекетін жояды. Сол жылы сұлтан өзіне «халиф» атағын алады. Енді бұл атақ келесі османлы сұлтандардың да атағы болады. I Сәлім өзінің бар-жоғы 8 жылдық (1512-1520) билік жүргізген заманында Күрдістанды, Шамды, Алжирді, Мысырды, Мекке мен Мединені жаулап алды.
I Сүлеймен (1494-1566) 1526 жылы Мохач шайқасында 55-60 мыңдық әскерімен чехтер, мажарлар және поляктардың 38-41 мыңдық әскерін екі сағат ішінде толығымен жеңеді. Соғыс барысында Мажарстанның патшасы II Лайош батпаққа батып, мерт болады. Соғыстың нәтижесінде османлылардың еуропадағы беделі артты. I Сүлеймен өзінің 42 жылдық (1520-1566) билік жіргізген заманында Босния және Герцеговинаны, Славонияны, Мажарстанды, Молдованы, Иракты, Бахрейнді, Ливияны, Тунисті жаулап алды. I Сүлейменнің тұсында османлылардың билігі шарықтауының шыңына жетті. Әділ Сүлеймен 7 қыркүйек 1566 жылы Сигетвар қоршауы кезінде қаза табады. Бірнеше аптадан кейін оны Сүлеймение мешітінің жанындағы мазарда жерлейді.
I Сүлеймен қайтыс болғаннан кейін, оның жалғыз тірі қалған ұлы II Сәлім (1524-1574) таққа отырады. Оның тұсында сарайдағы әйелдер османлы саясатына үлкен ықпал тигізді. Сонын ішіндегі ең көрнектісі сұлтанның әйелі Хасеки Нұрбану сұлтан болды. Осылайша «Қатындар сұлтандығы» (1566-1656) атты заман басталды. Осы заман тұсында Осман мемлекеті әлсіреп, дағдарысқа ұшырай бастады. Сары Сәлім 1574 жылдың 21 желтоқсанында Топкапы сарайында қайтыс болды.
Алайда шын мәнісінде II Сәлім тұсында елдегі ең беделді адам — садрағзам Соколлы Мехмет паша (1506-1579) еді. II Сәлімнің билік құруы кезіндегі елдің дамуы осы садрағзамның арқасында болды. Ол II Сәлім өлгеннен кейін тағы 5 жыл садрағзам болды. 1579 жылдың 11 қазанында садрағзамның қайтыс болуы Тоқырау жылдарына бастама болды.
Тоқырауы (1579-1699)
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Османлы мемлекетінің көптеген көтерілістер мен бүліктерден әлсірегенін көрген Тұрхан Қадиша сұлтан өз баласы сұлтан IV Мехметке Көпрүлі Мехмет пашаны (1575-1661) садрағзам етіп тағайындауға кеңес береді. Көпрүлі Мехмет пашаның саяси жетістіктері осыған себеп болды. Сөйтіп, 1656 жылдың 15 қыркүйек күнінде Көпрүлі Мехмет паша садрағзам етіп тағайындалады. Бұл оқиға «Көпрүлілер заманының» (1656-1710) бастамасы болды. Көпрүлі Мехмет паша өзінің тағайындалуына дейін сұлтанға бірнеше шарт қойды:
- Садрағзамның шешімі қайта қарастырылмайды;
- Садрағзам өз еркімен шенеуніктерді тағайындайды, марапаттайды және қызметтен босатады;
- Садрағзам сұлтанның кеңесінсіз шағымдарға қатысты шешімді өзі қабылдайды;
- Сарайда ешкім де саясатқа араласпайды.
Көпрүлі Мехмет паша өзінің 5 жылдық (1656-1661) билік жүргізген заманында Крит пен Шанаққала жерлерінде Венецияға қарсы сәтті соғыс жүргізді, Лемнос пен Тенедос аралдарын жаулап алды, Қазызадалы атты дінбұзарлықтың, Трансильванияның, Абаза Хасан пашаның бүлігін басты, өзінің қарамағына саясаткерлер мен әскербасыларды жинап алды, және «лауазымды сатып алу» салтын біржолата жойды.
Көпрүлі Мехмет паша қайтыс болғаннан кейін оның ұрпақтары оның саясатын жалғастырды. Көпрүлілер басқарған заманда Османлы мемлекетінің ішкі және сыртқы саясатында тұрақтылық болды, және биліктің беделі қайта өрлей бастады.
Әлсіреуі (1699-1792)
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1699 жылдың 26 қаңтарында Карловци бітім шарты жасалды. Бұл бітім шарт бойынша Венецияға Морея мен Далмация, Аустрияға Мажарстан мен Трансильвания, ал Польшаға Подолье өтті. Бұл оқиға елдің Әлсіреу дәуірінің бастамасы еді. 1700 жылдың 14 шілдесінде жасалған Константиние бітім шарты бойынша Ресейге Азов өтті.
1718-1730 жылдар османлы тарихында "Лала дәуірі" деген атаумен әйгілі. Сұлтан III Ахмет пен садрағзам Наушаһарлы Дамат Ибраһим паша басшылығымен елде ғылым, өнер, мәдениет және экономиканы дамыту мақсатымен үлкен іс-шаралар ұйымдастырылды. Ғалым Ибраһим Мутеффериқа алғаш османлы типографиясын ашты. Алайда осындай жаңартуларға қарамастан османлы халқына, әсіресе дінбасылар мен жаңа шеріктерге садрағзам саясаты ұнамады. Патрон Халил төңкерісі нәтижесінде 1730 жылдың 1 қазанында садрағзам Ибраһим паша өлім жазасына кесілді, ал келесі күні сұлтан III Ахмет тақтан тайдырылды.
Ыдырауы (1792-1922)
[өңдеу | қайнарын өңдеу]3 қараша 1839 жылы сұлтан I Әбділмәжит (1823-1861) «Шәріп хат» (осм. Hatt-ı Şerif-î) жарлығын шығарды. Оның авторы садрағзам Қожа Мұстафа Рашит паша болды. Бұл жарлықтың оған дейінгі жарлықтардан ерекшелігі — оның әскери емес, қоғамдық және экономикалық өзгерістері. Жарлықта сот отырыстарды жариялылық ету, алым-салықты дұрыс төлеттіру, құрлықтағы және теңіздегі әскерлердің шығынын белгілеу және т.б жаңартулар болды. Бірақ сол кездегі еш өзгерістерді қаламаған төрешілдердің жаңартуға қарсылық көрсетуі, османлы қоғамының ортағасырлық көзқарастары, жемқорлық және т.б себептермен «Шәріп хат» орындалмады.
VI Мехмет (1861-1926) 1922 жылы тақтан безіп, елден біржолата қашады.
Басқару нысаны
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Осман империясының мемлекеттік ұйымы өте қарапайым болды. Оның негізгі бағыттары әскери және азаматтық басқару болды. Елдегі ең жоғарғы қызмет сұлтан болды. Азаматтық жүйе аймақтарға тән белгілерге құрылған әкімшілік бірліктерге негізделген. Түріктер мемлекет діни қызметкерлерді бақылайтын жүйені қолданды (Византия империясындағыдай). Мұсылман Ираннан әкімшілік және сот жүйесі енгізілгеннен кейін сақталған түріктердің исламға дейінгі белгілі бір дәстүрлері Осман империясының әкімшілік шеңберінде маңызды болып қала берді. Мемлекеттің басты міндеті - империяны қорғау және кеңейту, сонымен қатар билікті сақтау үшін ел ішінде қауіпсіздік пен тепе-теңдікті қамтамасыз ету болды[3].
Мұсылман әлеміндегі бірде-бір әулет Осман әулеті сияқты билікте болған емес. Османлы әулеті түркі тектес болған. Он бір рет Осман сұлтанын халық жауы ретінде жаулар құлатты. Осман империясының тарихында Осман әулетін құлату үшін 2 ғана әрекет болған, олардың екеуі де сәтсіз аяқталған, бұл Осман түріктерінің күшіне куә болды.
Сұлтан басқарған халифаттың исламдағы жоғары позициясы түркілерге Осман халифатын құруға мүмкіндік берді. Османлы сұлтан (немесе падишаһ, «патшалардың патшасы») империяның жалғыз билеушісі болды және ол әрқашан абсолютті бақылауды жүзеге асырмаса да, мемлекеттік биліктің даралануы болды. Жаңа сұлтан әрқашан бұрынғы сұлтанның ұлдарының бірі болды. Сарай мектебінің күшті білім беру жүйесі мүмкін емес мұрагерлерді жоюға және басқарушы мұрагерлер элитасына қолдау жасауға бағытталған. Болашақ мемлекеттік қызметкерлер оқыған сарай мектептері оқшауланған жоқ. Медреседе мұсылмандар оқыды (осман. Medrese), мұнда ғалымдар мен мемлекеттік қызметкерлер сабақ берді. Материалдық қолдауды кедей отбасылардың балаларына жоғары білім алуға мүмкіндік беретін вакуфтар ұсынды[4], ал христиандар Румелия және / немесе Балқан (девширме) елдерінің тұрғындарынан жыл сайын 8 жастан 12 жасқа дейінгі 3000 христиан ұлын қабылдайтын эндерунда оқыды[5].
Сұлтан жоғарғы монарх болғанына қарамастан, мемлекет пен атқарушы билік саясаткерлерге жүктелді. Өзін-өзі басқару органында кеңесшілер мен министрлер арасында саяси күрес болды (диван, XVII ғасырда Порту деп өзгертілді). Бейліктің кезінде де диван ақсақалдардан тұратын. Кейінірек ақсақалдардың орнына армия офицерлері мен жергілікті білгірлер (мысалы, діни және саяси қайраткерлер) диванға кірді. 1320 жылдан бастап ұлы уәзір сұлтанның кейбір міндеттерін орындады. Ұлы уәзір Сұлтанға мүлдем тәуелсіз болды, ол Сұлтанның мұрагерлік мүлкін кез-келген жолмен иеліктен шығарып, кез-келген адамды жұмыстан шығарып, барлық саланы басқара алды. XVI ғасырдың соңынан бастап сұлтан мемлекеттің саяси өміріне қатысуды тоқтатты, ал ұлы уәзір Осман империясының іс жүзінде билеушісі болды[6].
Осман империясының бүкіл тарихында Осман империясының вассал княздіктерінің билеушілері сұлтанмен әрекеттерді үйлестірмей, тіпті оған қарсы әрекет еткен жағдайлар көп болды. Жас түріктер төңкерісінен кейін Осман империясы конституциялық монархияға айналды. Сұлтан енді атқарушы билікке ие болмады. Барлық провинциялардан келген делегаттармен парламент құрылды. Олар Императорлық үкіметті (Осман империясы) құрды.
Қарқынды дамып келе жатқан империяны өз ісіне берілген, тәжірибелі адамдар басқарды (албандар, фаниариоттар, армяндар, сербтер, венгрлер және басқалар). Христиандар, мұсылмандар мен еврейлер Осман империясындағы басқару жүйесін толығымен өзгертті[7].
Осман империясында эклектикалық үкімет болды, ол тіпті басқа державалармен дипломатиялық хат алмасуға әсер етті. Бастапқыда хат алмасу грек тілінде жүргізілді[8].
Османлы сұлтандарының барлығында 35 жеке белгілер болды - олар қол қойған тұғралар. Сұлтанның мөріне ойылып жазылған оларда Сұлтан мен оның әкесінің аты, сондай-ақ мақал-мәтелдер мен дұғалар жазылған. Ең алғашқы тұғра Орхан I тұғрасы болды. Дәстүрлі стильде бейнеленген луридті тұғра Осман каллиграфиясының негізі болды.
Жас түріктер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]XIX ғасырдың соңында жаңартудың жаңа толқыны түріктердің ұлттық қозғалысы түрінде көрініс берді. Түріктердің ұлттық қозғалысы XIX ғасырдың 50-60 жылдарында басталды. Қозғалыстың бастапқы кезеңінде артушылық сипаты басым еді. «Жаңа Османлылар» ұйымының мүшелері мен белгілі ағартушы, жазушы Намык Кемел бастаған бірқатар зиялы топтар түрік тілінің дамуы мен оның әдеби тіл дәрежесіне көтерілуіне, ағарту ісіне зор үлестерін қосты. Ендігі реформалық қозғалыс толқынының өкілдері империяның тұтастығын сақтау шараларын іздестірді. 1889 жылы Ыстамбұлда «Бірлік және өрлеу» (осм. İttihâd ve Terakkî) партиясы құрылды. Бұл ұйымның бөлімдері мен провинциялары шетелде де құрылды. Ұйымның алға қойған жақын арадағы мақсаты — конституциялық мемлекет құру болатын. Реформалық шаралар жүргізіп, елдің экономикасын көтеру, қоғамды жан-жақты жаңарту көзделді. Бұл қозғалыстың өкілдері Жас түріктер (түр. Jön Türkler) деп аталды.
XX ғасырдың басында Османлы мемлекетінің халықаралық жағдайы нашарлап, мемлекет күйреу алдында тұрған кезде Жас түріктер өздерінің қызметін жандандыра түсті. 1908 жылы шілдеде Батыс державалардың Македонияны Османлы мемлекетінен бөліп алмақ болған саясатынан кейін, сұлтан өкіметінің әлсіздігіне ызаланған түрік әскерінің бөлімдері көтеріліс жасады. Бұл жас түріктер төңкерісінің басталуы еді. Жас түріктер жағына әскердің басқа аймақтардағы бөлімдері де қосылды. Жас түріктердің қысымынан қорыққан сұлтан, 1908 жылы 2 шілдеде 1876 жылғы конституцияны қалпына келтіруге және парламентті шақыруға келіседі. Жаңа парламентте көп орынға ие болып, жеңіске жеткен және әскерге арқа сүйеген Жас түріктер, іс жүзінде, елде өздерінің билігін орнатты. 1909 жылы Жас түріктер II Әбділхамитті тақтан тайдырды. Жаңа сұлтан болып V Мехмет сайланды. 1908 жылғы Жас түріктер төңкерісінің нәтижесінде Османлы мемлекетінің билік түрі абсолюттік монархиядан конституциялық монархияға ауысты.
Өкіметке келген Жас түріктер қиындықтарды шешудің жолын таба алмады. Конституциялық билікке көшу елдің шет аймақтарында ұлт-азаттық қозғалыстың жаңа толқынын тудырды. Ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерімен тіл табыса алмаған Жас түріктер, қолындағы билікті пайдаланып, күш қолдану саясатына көшеді. 1908 жылы Аустрия-Мажарстан Босния және Герцеговинаны аннексиялайды. 1911 жылы Ливиядағы османлы иеліктерін Италия басып алады. Османлы үкіметінің сәтсіздіктерін пайдаланған Жас түріктердің қарсыластары оларды үкімет билігінен кетірді. Бірақ жаңа үкімет мемлекетті сақтап қалуға дәрменсіз болып шығады. 1912 жылы бірінші Балқан соғысында Болгария, Грекия, Румыния, Сербия Османлы Сұлтандығының бүкіл еуропалық иеліктерін басып алады. Тек Ыстамбұл мен оған жақын жатқан біраз аудандар ғана қалады. Бұл үкіметтің де сәтсіздігін пайдаланғысы келген Жас түріктер 1908 жылғы көтеріліске қатысқан Әнуар бейдің басшылығымен, 1913 жылы мемлекеттік төңкеріс жасайды. Қайтадан үкімет билігіне ие болған Жас түріктер мемлекеттің күйреуін бәрі бір тоқтата алған жоқ. Сыртқы саясатта Германияны арқа тұтқан Османлы Сұлтандығы бірінші дүниежүзілік соғыста үштік одақ жағында болады.
Осман империясының әкімшілік бөлінісі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Осман империясының әкімшілік бөлінуі мемлекеттің субъектілерін басқаратын әскери басқаруға негізделген. Бұл жүйеден тыс вассалдық және алым-салық төлейтін мемлекеттері болды.
Османлы тұғрасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Тұғра (түр. Tuğra) — османлы сұлтандарының ресми құжаттар мен хаттарында қолданылатын хұснихаттық мөр немесе қолтаңба. Тұғрада сұлтанның аты, әкесінің аты және атағы көрсетіледі.
Диуан
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Cұлтан мемлекетте жоғарғы билеуші болса да, мемлекеттегі атқарушы билік уәзірлерге (осм. Vezir) жүктелінеді. Олардың күнделікті жұмыс орындары «Диуан» (осм. Dîvân-ı Hümâyun) болып саналды. Диуанның басшысы әрі сұлтаннан кейінгі екінші адам садрағзам (осм. Sadrazam) болып саналды. Бірақ 1320 жылдан бастап садрағзамдар сұлтандардың да кейбір міндеттерін орындай бастады. Садрағзамдар сұлтандардан толығымен тәуелсіз болды: олар сұлтанның мұрагерлік мүлкін өз қалауы бойынша басқара алды, мемлекеттегі кез келген уәзірді немесе пашаны қызметтен босатуға құқылы болды.
Тағы қараңыз
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Османлы байрағы
- Османлы сұлтандарының тізімі
- Османлы түрік тілі
- Османлыша-түрікше энциклопедиялық сөздік
- Османлы әулеті
- Османлы әулетінің шежіресі
- Паша
- Тұғра
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Дүние жүзi тaриxы 8, мектеп бaспaсы. 2008 ж. б.65
- ↑ H. İnalcık: "The rise of the Ottoman Empire" in P.M. Holt, A.K. S. Lambstone, and B. Lewis (eds), The Cambridge History of Islam, (Cambridge University). pages 295-200
- ↑ Naim Kapucu,Hamit Palabıyık «Turkish public administration: from tradition to the modern age», p 77
- ↑ Bernard Lewis, Istanbul and the civilization of the Ottoman Empire, p. 151
- ↑ Kemal H Karpat, Social Change and Politics in Turkey: A Structural-Historical Analysis, p. 204
- ↑ Antony Black (2001), «The state of the House of Osman (devlet-ı al-ı Osman)» in The History of Islamic Political Thought: From the Prophet to the Present, p. 199
- ↑ Inalcik, Halil. «The Policy of Mehmed II toward the Greek Population of Istanbul and the Byzantine Buildings of the City.» Dumbarton Oaks Papers 23, (1969): 229—249.pg236
- ↑ Donald Quataert, 2
Сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ағылшын тілінде
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Османлы мемлекеті: Уақытнама
- Османлы мемлекеті: Мәңгілік ел Мұрағатталған 25 қазанның 2009 жылы.
- Османлы торабы
- Османлы империясы — Еуропаның 1600 жылғы картасы және Османлы мемлекетінің сол кездегі географиялық көрінісі.
- History of Turkish Empire — Османлы мемлекеті тарихының уақытнамасы.
- Дүние жүзінің өркениеттері: Османлылар — Османлы мемлекетінің басқару жүйесі.
- Османлы мемлекетінің елордалары
- Түрік ауыз әдебиеті
- Османлылар жайлы мәліметтер
- Ерте Османлы тарихындағы халықтарды күштеп жер аударуларPDF(566 KiB) — 1300-1600 жылдар аралығын қамтиды
Түрік тілінде
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Османлы мемлекеті туралы энциклопедиялық мәліметтер
- Османлы байрақтары жайлы мәліметтер Мұрағатталған 14 ақпанның 2008 жылы.
- Османлы мемлекеті жайлы мәліметтер
|