Тасман теңізі
Тасман теңізі (ағылш. Tasman Sea) — Тынық мұхиттың шеткі теңізі. Австралияның шығыс жағалауы мен Тасман, Жаңа Зеландия, Норфолк және Жаңа Каледония аралдарының аралығында. Ауданы 3336 мың км², суының көл. 10960 мың км3. Орташа тереңд. 3285 м, ең терең жері 6015 м. Теңіз табанының басым бөлігін 3000 м тереңдікте орналасқан Тасман қазаншұңқыры алып жатыр.
Шығысқа қарай Лорд-Хау және Норфолк су асты жоталары аралығында жіңішке Жаңа Каледония қазаншұңқыры орналасқан. Батысы тік құрлықтық беткей арқылы Австралия жағалауына ұласады. Беткі су температурасы ақпан айында солт-нде 27 oС, оңт-нде 14 oС, тамызда солт-нде 23 oС, оңт-нде 9 oС. Тұзд. 35 – 35,5‰. Шығыс Австралия жылы ағысы сағат тіліне қарсы бағытта 1 – 2 км/сағ. жылдамдықпен қозғалады. Толысу толқыны 5,3 м-ге дейін жетеді. Балықтардан ұшқыш балық, скумбрия тұқымдас балықтар, қылыш балық, ханос, галакси, құстардан альбартос, сүтқоректілерден кашалот, австралия киті, жаңа зеландия итбалығы, теңіз қабыланы, Уэдделл итбалығы кездеседі.
Порттары: Сидней, Ньюкасл, Брисбен (Австралия) және Окленд, Нью-Плимут (Жаңа Зеландия).[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ энциклопедиясы
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |