Татарлар
Татарлар | |
Бүкіл халықтың саны | |
---|---|
6 421 500 адам | |
Ең көп таралған аймақтар | |
Ресей |
5 319 877 (2010) |
Қазақстан |
250 000 (2015) |
Өзбекстан |
195 000 |
Украина |
73 304 |
Түрікменстан |
62 000 |
Қырғызстан |
31 491 (2009) |
Әзербайжан |
25 900 (2009) |
Түркия |
28 000 |
АҚШ |
11 000 |
Қытай |
7 900 |
Беларусь |
8 445 (2019) |
Тәжікстан |
6 495 (2010) |
Грузия |
3000 |
Тілдері | |
Діні | |
Татарлар — түркі тілдес ұлт, Ресей Федерациясы құрамындағы Татарстан Республикасының байырғы тұрғындары. Татарлардың жалпы саны жөнінде ғалымдар арасында әр түрлі пікірлер бар. Кейбір ғалымдар оларды бөліп (Қазан Татарлары, Қырым Татарлары, Сібір Татарлары, Ноғайбақтар, т.б.) қарастырса, қалғандары оларды біртұтас ұлт санайды.
Дүние жүзіндегі Татарлардың жалпы саны 8 млн. шамасында, ал кейбір татар ғалымдарының пікірінше (Абрар Каримуллин және Индус Тагиров) 15 млн-ға жуық. 2002-ші жылғы санақ бойынша Ресейде 5,6 млн, оның ішінде Татарстанда 1,9 млн-нан астам, Башқортостанда 1,2 млн татар тұрады. Бұған қоса татар диаспорасы Орталық Азияда (Қазақстан, Өзбекстан), Түркияда, Батыс Еуропа елдерінде, т.б. жерлерде тұрады.
Тілі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Татар тілі алтай тілдерінің түркі отбасының батыс ғұн тармағының қыпшақ тобының қыпшақ-бұлғар ішкі тобына кіреді; тілдердің жалғамалы (агглютинативті) түріне жатады. Татар тілі – Татарстан Республикасының мемлекеттік тілі (Тіл туралы заң 1992). 1927 жылға дейін араб графикасының негізінде кеңінен таралған татар тілінің жазуы латын графикалық негізіне, ал 1939 жылы орыс (кириллица) графикасына аударылды. Татар тілінде үш диалект бар: орта, батыс (мишар), шығыс (сібір татарларының диалектісі).[1]
Діні
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Діни белгілері жағынан негізінен сүннит мұсылмандар, сондай-ақ бұлардың арасында православиеліктер де, атеистер де, басқалар да бар.[2]
Тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Татар этнонимі Байкалдың оңт.-шығыс жағын мекендеген көшпелі түркі-моңғол тайпаларының арасында 5–9 ғасырларда белгілі болған. 13 ғасырда моңғол шапқыншылығы кезінде Татарлар Еуропаға еніп, 13–14 ғасырларда олардың шағын тобы Алтын Орда құрамындағы түркі халықтарына сіңіп кетті.
Татар халқының шығу, қалыптасу тарихына қатысты ғылыми зерттеу мынадай түрде шежiре тарқатады. III–IV ғасырда, ғұндар мен өзге де көпшелi тайпалардың Шығыс Еуропаға жасаған шапқыншылығы кезiнде, одан кейiн IV–VII ғасырда түрiк қағанаты шапқыншылығы кезiнде түркi тiлдес тайпалар легi Орал өңiрi мен Едiл бойына ағылып келе бастаған. VII–VIII ғасырда Азов теңiзi жағалауынан түркi тiлдес булгар тайпасы ауып келiп, олар Х ғасырда Волга - Кама Булгариясы аталған мемлекет құрыпты. Зерттеушiлер қазан татарлары өзiнiң антропологиялық, этнографиялық белгiлерiн ертедегi едiл бұлғарларынан еншiлеген дейдi. Едiл - Кама Булгариясының бiр кездегi дәуiрлеп өркендеген мәдениетi, егiншiлiк кәсiбi мен қолөнерi Едiл бойы, Орал өңiрi татарларының тұрмыс салтында, мәдениетiнде сақталған. Мұндағы түркi ұлыстары басқа тайпалармен бiрге 1223–1240 жылдары монғол-татарларға қарсы ерлiкпен шайқасқан. Алтын Ордадан бөлініп шығып, өз алдына отау тіккен Қазан хандығы (1445–1552) татарлардың алғашқы ұлттық мемлекеті еді. Бұл мемлекетте ұлт болып ұйысқан татар мәдениеті мен экономикасы, дәстүрі мен салты қарыштап дамыды. Алайда көршілес Ресейдің отаршылдық езгісіне түсті.
1582 жылы Көшiм хандығы құлатылғаннан кейiн, Ермак бастаған орыс шапқыншылығына төтеп бере алмай, аяусыз жазалауға, қуғын-сүргiнге ұшырап, көптеген татар Чулым бассейнiмен, Тобылға, Енисей өзенiне дейiн ығысты. Сiбiр татарлары патша әкiмдерiне қарсы әлденеше рет ашық көтерiлiске шықты. Қазан төңкерісінің қарсаңында Батыс Сiбiрдiң жергiлiктi халқының саны күрт азайып, қалың орыс арасында шашырай қоныстанып, мүлдем азшылыққа айналып кеттi. Қазан хандығы жойылғаннан кейiн экономикалық езгiнiң күшеюi, ұлттық-рухани қанау, дiни негiздегi қатаң қудалау, христиан дiнiн зорлықпен таңуға тырысу Едiл бойы мен Орал өңiрi татарын жаппай көшiп-қонуға мәжбүр еттi. Орталық ауданнан татарлардың шеткерi өңiрге ығысып, ондағы жергiлiктi түркiлермен мәдени-тұрмыстық жақындасуы, сауда-экономикалық тығыз байланысы бiртұтас татар ұлтының қалыптасуын тездетiп, оған өз ықпалын тигiздi.
Татар халқының тарихындағы ең ауыр қаралы күн - 1552 жылдың 30 тамызы. 1552 жылы 2 қазанда 150 мың әскер мен 150 зеңбірегі бар орыстар хандықты күйретті. Қазан қаласын алу кезіндегі басқыншылардың қаныпезерлігінің шектен шыққандығы соншалық, осы сұмдықты естіген, алыстағы Рим Папасының өзі діндестерін айыптап, «ешқандай адамгершілік қағидаға сай келмейді» деген екен. Орыс әскерінiң жойқын шапқыншылығы 2 қазанға дейiн созылды. Қаланы басып алған орыс әскері ондағы халықты қырып, Қазан хандығы осылайша Ресей басқыншыларының отарына айналды.
1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін қалыптасқан саяси ахуал жағдайында Татарстан жерінде ұлттық-мәдени автономия құруға қадам жасалып, бұл құрылымның Миллет меджлиси (Ұлттық жиналыс) атты парламенті мен Милли идаре (Ұлттық басқарма) деген жоғары атқару органы құрылды. Алайда ұлттық-мәдени автономияның аяғынан нық тұруына кеңес өкіметінің орнығуы кедергі келтірді. 1988 жылы татарлар егемендігін алу жолында қозғалыс бастады. Бұл іс бұқаралық сипат алып, республика жұртшылығы ұлттық тәуелсіздік идеясын жаппай қолдады. 1990 жылы 30 тамызда Татарстан Жоғарғы Кеңесінің сессиясы Татарстанның мемлекеті егемендігі туралы декларация жариялады. 1991 жылы көктем және жаз айларында Ново-Огоревада одақтық келісімшартты әзірлеу барысында Татарстан автономиялардың мүддесін жүйелі қорғап шығып, олардың Одақтық федерациясының дербес субъектісі ретінде мойындалуына қол жеткізді. 1991 жылы 12 маусымда Татарстан президенті сайланды.
Кәсібі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Татардың басым көпшiлiгi ерте кезден-ақ көп салалы шаруашылықпен айналысты. Бидай, арпа, тары, сұлы, бұршақ, қарақұмық, зығыр, сора ектi, әр үйдiң бақшасы болды. Егiншiлiкпен, бау-бақшамен, мал шаруашылығымен қатар айналысты. Сауда-саттықпен де шұғылданды. Татар саудагерлерiн көршiлес чуваш, мари, мордва, удмурт деревняларынан, тiптi алыс өлкелерден де жиi көретiн. Халық отырықшы боп, қой-ешкi мен сиырды қорада ұстап бақты. Үй құстарынан тауық пен қазды көбiрек ұстады. Еділ бойы мен Орал өңірі орман-тоғайлы, шалғын-шөпті болғандықтан омарташылық дамыды.
Қолөнерi барынша дамыған, татар шеберлерiнiң тiккен әшекейлi етiгi, бас киiмi, аяқ киiмi, тiккен кестелi шашақты шәлi орамалы, тоқыма бұйымдары, күмiстен, алтыннан iстеген зергерлiк бұйымдары жоғары бағаланып, сұранысқа ие болды. Терi, жүн өңдеу кәсiбi дамыды. Басқа халықтар, әсіресе көршiлерi татардың тұрмыс-тiршiлiгiнен, киiм киiсiнен, үй-жай тұрғызуынан, қолөнерiнен, үй жиһазын әшекейлеп ұстауынан көп нәрсені үйрендi. Мәрмәрдан, тастан қашап, ағаштан, терiден өрнектеп, оюлап жасаған мозаикалары көз тартады. Бейнелеу өнерi дамыған. Кесте тiгу өнерiн татар қызы жастайынан үйренедi. Сүлгi, дастархан, перде, төсек жапқыш, жамылғы, кiлемше, т.б. үй жиһазын кестелеп өрнектейдi.
Елдi мекенiн авыл, юрт немесе ил дейтiн. Татар елдi мекенi шағындау боп, көбiнесе өзен жағасына таяу орналасады. Үйлерi биiк дуалмен қоршалып, ағаштан оюлап әшекейленедi. Бай, әлдi-ауқаттылар екi қабатты сәулеттi үй тұрғызса, кедей бiткен қамыс шатырлы балшық араластырып тұрғызған аласа лашық үйлерде тұрып келдi. Ауыл ортасына биiк минареттi мешiт орналасады. Астрахан татарлары өз көршiлерi ноғай мен қазақтар секiлдi көшпелiлердiң дәстүрiн сақтап, жаз бойы киiз үй тiгiп тұратын. Татарлар өз үйiнiң алдыңғы қабырғасын бойлата енi бiр жарым метрдей тақтайдан сәкі, нар жасап, сонда ауқаттанатын, дем алатын, ұйықтайтын, жұмыс iстейтiн, қонақ та күтетiн.
Мәдениеті
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Татар фольклорында батырлар жыры елеулі орын алады. Көне жазба әдебиеті бар. Ұлттық музыкасы башқұрт, қазақ, ноғай халықтары музыкасымен сарындас. Ертеректе татар музыкасы аспапсыз орындалатын бір дауысты ән негізінде дамыған. Әнмен, бимен, өлең-тақпақ араластырып орындалатын әзіл-сықақ әндер көбірек шырқалады. Музыка аспабына қурай аталатын сыбызғы немесе флейта тектес үрлемелі аспап, қазақтың шаңқобызы іспетті қобыз аспабы, гармонь, мандолина, добра, гусли, скрипка жатады.
Татар ұлттық тағамы жұртшылыққа кеңiнен танымал. Тағамдарында нан, картоп, көкөнiс басым. Дәстүрлi ет пен сүт тағамын ұнатады. Қой, сиыр етiн көбiрек пайдаланады. Жылқы етiнен қазы, шұжық даярланады. Қақтаған (қақтап сүрлеген) қаз етi - татардың сүйiктi дәмi. Сүттен қаймақ, айран, ақмай, сары май, қатық, сүзбе, құрт, iрiмшiк даярлайды. Нанға құрмет айырықша, нан тағамының түр-түрi бар: тоқмач, салма, чумар, үрә, икмәк, кабартма, қоймақ, бәлеш, гөбәдия, пәрәмәч, чөкчәк, очпочмақ, бавырсақ, қош теле. Ыстық тағамына қатық қосқан салма, тукмач лакша, қазанда қуырып даярлайтын ет тағамы бешбармақ, шұжыққа ұқсас тутырма жатады. Жемiс-жидектi кептiрiп қысқа даярлайды. Жемiс пен балды араластырып ширбәт (шербет) даярлайды.
Қарапайым көпшiлiк аяғына тоқылған лапти, шоқай киген, кейде табаны ағаш аяқ киiм кидi. Әлдi-ауқаттылар терiден әшекейлеп тiккен етiк кидi. Қала тұрғындары көбiнесе терiден галош, қыста өрнектi етiк киетiн. Татар басқалардан көп бұрын шыт, жiбек, мата, бархыт, қызыл мата секiлдi фабрика маталарын киiм тiгуге пайдаланды. Ерлер балағы кең шалбар, жейде, қыста сырыған, терiмен астарлаған бешпет, тақия, терi тымақ киген. Әйел көйлегi қала үлгiсiнде тiгiлiп, көйлектiң омырауына кестелеген алқа салып, оның сыртынан жеңсiз камзол киген. Ұзын шәлi орамалын мойнынан асырып, ұшын артқа жiберiп тастайды.
Ұлттық және діни мерекелері - Ораза мен Құрбан айт, Наурыз бен оған қосымша сабантуй, жиен (жиын-терім) мерекелері ұйымшылдықпен тойланады.
Қазақстандағы татарлар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазақстанда татарлардың келуі патша үкіметінің қазақ өлкесін отарлауға кіріскен кезінен басталды. XVIII—XIX ғасырларда патша үкіметі қазақ даласына ислам дінін тарату саясатын жүргізді. Бұл ретте қазақтардың арасына молдалар татарлардың дін қызметкерлері қатарынан ғана жіберілді. Мұның өзі қазақтарды Орта Азиядағы діни орталықтардың ықпалынан оқшауландыру мақсатымен жасалды.
Қазақ хандары мен сұлтандарының басым көпшілігі өздерінің жеке хатшылары етіп Орынборға таяу жердегі Сейітов слободасынан шыққан сауатты татарларды ұстады. Татар көпестер Ресей мен қазақ даласы арасындағы сауда-саттықтың дамуына байланысты өздерінің белсенділігін күшейте түсті. Қазақтардың тілін, әдет-ғұрып және салт-санасын жақсы білгендіктен де татарлар сауда-саттық саласында делдалдық рөл атқарды. Татар көпестерінің қазақ даласындағы ықпалы мен беделі бірте-бірте күшейе түсті. Татарлардың ауқымды бір тобын Қазақстан аумағына Еділ бойы губернияларыиың помещиктері жер аудартып жіберді. Татарлар өлкенің ірі Петропавл, Семей, Орал, Көкшетау, Верный, Ақмола, Павлодар, Зайсан және Өскемен қалаларында тұрды. Олардың неғұрлым жиі орналасқан жерлерінде татар слободкалары пайда болды.
Бұл халықтың өкілдері қазақ даласында жаңа әдіспен оқытатын жәдидтік мектептер ашудың бастамашылары болды. Қазақтар татар зиялылары шығарып тұрған газеттер мен журналдарды зор ықыласпен оқыды. Қазақтың алғашқы газеттері мен журналдарын көбінесе татар көпестері қаржыландырып тұрды. Кейінірек патша үкіметі исламның қазақ даласында күшейіп бара жатқанынан қауіптеніп, сауатты және іскер татарлардың қызметінен бас тарта бастады. 1897 жылы Қазақстанда тұратын татарлардың жалпы саны 56 мыңға дейін жетті. Мұның өзі Қазақстандағы бүкіл халықтың 1,3 пайызы еді. Татарлардың 38 пайызы мещандар, 28 пайызы шаруалар, 10 пайызы қазақтар, 2 пайызы көпестер болды.
1989 жылғы санақ бойынша Қазақстанда тұратын 327982 татарлардың 69%-ы өз ұлтының тілін ана тілі деп санайтындарын мәлімдеді, алайда олардың тек 3,2%-ы ғана оны біледі; татарлардың 3,4%-ы қазақ тілін ана тілі деп таныды, олардың 3,2%-ы ғана қазақ тілін біледі; 27,3%-ы орыс тілін ана тілі деп санайды, ал 64,3%-ы орыс тілін меңгерген. Қазақстан Республикасындағы санақ деректері бойынша 1999 жылы 92,5 мың татар (37,1%) ана тілін, 158,3 мың (63,6%) қазақ тілін, 241,3 мың (96,9%) орыс тілін меңгерген. 1999 жылғы санақ бойынша Қазақстан татарларының қостілділік дәрежесі мынадай түрде анықталды: біртілділер – 72865 адам (29,3%), қостілділер – 176089 адам (70,7%). Қазақстанның татар және татар-башқұрт қоғамдық және мәдени орталықтарын біріктіретін «Идел» қауымдастығы жұмыс істейді. Ол татар мен башқұрт мәдениетін жаңғырту және дамыту, сондай-ақ тілдерді оқыту бойынша жұмыс жүргізеді, «Сарман» Алматы халық ансамблі кеңінен танымал. [1] Қазақстанның татар диаспорасы санының жалпы динамикасы келесідей:
- 285 689 (1970 ж.),
- 312 626 (1979 ж.),
- 320 747 (1989 ж.),
- 248 954 (1999 ж.),
- 250 000 (2015 ж.) адам.[3]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ a b Э.Д. Сүлейменова, Д.Х. Ақанова, Н.Ж.Шаймерденова «Қазақстан тілдері: әлеуметтік лингвистика анықтамалығы»: Кітап.–Алматы: «Издательство Золотая Книга» ЖШС, 2020 ж. 181-бет
- ↑ ЭТНОСАЯСИ СӨЗДІК: Қазақстан этносаясаты мен тәжірибесінің терминдері мен ұғымдары. Нұр-Сұлтан, 2020. 162-бет. ISBN 978-601-287-224-8
- ↑ Қазақстан халқы. Энциклопедия. /Бас.ред. Ж.Н.Тойбаева. /Құраст.Ғ.Жандыбаев., Г.Егеубаева.-Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2016. 395-бет ISBN 978-601-7472-88-7
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |