Трансплантация
Трансплантация (ортағасырлық лат. transplantatіo – ауыстырып салу) – адам мен жануарларда органдар мен тіндерді ауыстырып салу. Өсімдіктерде – өсімдіктер бөліктерін аналық өсімдіктердің басқа жеріне немесе басқа өсімдіктерге ауыстырып салу. Бақша өсіру мен эксперименттік зерттеулерде қолданылады.
Тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Трансплантация әдісі көне заманнан белгілі. Тері қабатының орнын ауыстырып салу әрекеті алғаш рет Б.з.д. 1500 жылы жасалған. Клиникалық тәжірибеде бұлшық еттті, сіңірді, қан тамырларын, жүйке талшықтарын, сүйек кемігін, т.б. ауыстырып салу жиі қолданылады. Трансплантацияның ерекше бір түрі – қан құю. Ең жиі алмастырылатын орган – бүйрек болып саналады.
- 1902 жылы австриялық хирург Е.Ульманн алғаш рет бүйректі Трансплантациялау операциясын жасады.
- Бұрынғы КСРО-да мұндай операцияны бірінші болып белгілі орыс хирургі Б.Петровский жасады (1965). Ол донор бүйректі шешесінен алып қызына салды, операция сәтті аяқталды. *Адамнан адамға жүрек алмастырудың алғашқы операциясын 1967 жылы оңтүстік африкалық хирург К.Барнард жасады. Пациент 18 күн өмір сүрді.
- Клиникада өкпені ауыстырудың алғашқы операциясын 1963 жылы америкалық кардио-хирург Дж.Харди (бір топ дәрігерлермен бірге) іске асырды.
- Қазақстанда органды Трансплантация операциясын тұңғыш рет М.Әлиев жасады.
Қазіргі кезде трансплантация экспериментті биология мен медицинада ауто- (өз тіндерін Трансплантациялау), гомо- (сондай түрдің донорынан Трансплантациялау) және гетеротрансплантация (басқа түрдің донорынан Трансплантациялау, мысалы итке қояннан) кеңінен қолданылады. мысалы экспериментті онкологияда (жануарларға тәжірибе жасауда) қатерлі ісік штаммдарын Трансплантациялау. Трансплантацияға қажетті орган не тінді трансплантат деп атайды. Мұны ауру адамның ең жақын туысынан немесе қайтыс болған адамнан (мәйіттен) жан-жақты медициналық тексеруден өткізген соң алады. Трансплантатқа қойылатын басты шарттар: мәйіт жас адамдікі болғаны жөн; қан қысымы қайтыс болғанша қалыпты деңгейде болуы; қатерлі ісік немесе жұқпалы аурумен ауырмағандығы; ауруханада қайтыс болуы (немесе адам қайтыс болар алдында бірнеше сағат ауруханада болғаны) қажет.[1][2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том
- ↑ Патологиялық анотомия терминдерінің орысша – латынша – қазақша түсініктеме сөздігі.- Ақтөбе. ISBN 9965-437-40-8
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |