(Translated by https://www.hiragana.jp/)
Баяндауыш — Уикипедия

Баяндауыш деп сөйлемде бастауыштың қимылын, ісін, жай-күйін, кім, не екенін білдіріп тұратын тұрлаулы сөйлем мүшесін атаймыз.

Баяндауыштар көбінесе сөйлемнің соңында тұрады да, не істейді? не болды? не етеді? қайтеді? қандай? қанша? кім? не? деген сұрауларға жауап береді.

Баяндауыш болатын сөз таптары

Баяндауыш болатын сөз таптары:

  1. Етістіктер мына тұлғаларда айтылып, баяндауыш болады:
    • ашық райдағы етістіктер
      Мысалы: Мен бір аса маңызды жұмыспен келіп отырмын.
    • бұйрық және қалау райларындағы етістіктер
      Мысалы: Ғылым таппай мақтанба. Кел балалар оқылық. Ол сағат жетіге шейін қайтса игі еді.
    • тұйық етістіктің атау түрі мен жатыс жалғаулы түрі
      Мысалы: Дұрыс жазуға үйренудің бір жолы — кітапты көп оқу.
    • есімшелер
      Мысалы: Аяңшыл ат арымас
  2. Есім сөздер (зат есім, сын есім, сан есім) және есімдіктер ешқандай жалғаусыз да, көптік, тәуелдік, жіктік жалғаулары және жатыс септік жалғауы қосылып та баяндауыш болып келе береді
    Мысалы: Ердің сыншысы — елі
  3. Мезгіл және мекен үстеулері (ілгері, кейін, жоғары, төмен, ертең, кеш, былтыр, күндіз т. б.) атау тұлғада, кейбіреулері жатыс септікте тұрып та баяндауыш болып келе береді
    Мысалы: Киноға баруға уақыт тым кеш[1]

Дара және күрделі баяндауыш

Дара баяндауыш — жеке бір сөзден болған баяндауыш. Мысалы: Олар күтпеген жерден келді.

Күрделі баяндауыш деп екі я одан да көп сөздерден құралып, бір-ақ ұғымды білдіретін баяндауышты атайды. Мысалы: Ауыл мәдениетті өсіп келеді.

Күрделі баяндауыштар келесі жолдармен жасалады:

  1. Күрделі етістіктен
  2. Есім сөздер мен көмекші етістіктердің тізбегінен жасалады
  3. Ілік септіктегі есім сөздер мен көмекші есімдердің тіркесуі арқылы жасалады
  4. Күрделі сан есімнен болады
  5. Есім сөздер мен мөлшер, өлшемнің бірлігін білдіретін сөздердің тіркесінен болады
  6. Жоқ, бар, тиіс, жөн, керек, қажет сияқты сөздер мен көмекші етістіктер тіркесіп келіп те, күрделі баяндауыш жасайды
  7. Қалыптасқан тұрақты сөз тізбектерінен (идиомалардан) да жасалады.

Дереккөздер

  1. Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3

Әдебиет