Доға
Доға— атты арба не шанаға жеккенде, екі жақ шеті терте мен қамыттың құлақбауын ұстап, бекітіп тұратын ағаш сайман. Доғаны қайың, тал, үйеңкі, емен сияқты мықты ағаштардан иіп жасайды. Ол үшін жұмыр ағаштың иілуге тиісті жерін шауып жұқартып алып, морға салып жұмсартады да, тез арқылы екі жақ басын иіп, қалыпқа салып кептіреді.
Доға кеуіп қалпына түскеннен кейін иілген жерінен шығыршық орнатады. Доғаның тертемен жалғасатын төменгі екі ұшының сыртқы бетін орнықты болу үшін шауып, ойық жасайды.[1]
Доға[2] - қабырғадағы ашық қалдырылған ойықтарды немесе екі тіреудің арасын үстіңгі жағынан қосатын доғал маңдайшасы.
Арка (лат. arcus — доға, иін, иілім)— қабырға немесе тірек аралықтарын ұштастыратын иін.[3] Алғаш рет шығыс сәулет өнерінде қолданылған. Кейін ежелгі Рим архитектурасында кең қолданылды. Қазақстанда Баба ата кентіндегі медреседе (9-12 ғасыр), Айша бибі күмбезінде (11-12 ғасыр), Ахмет Ясауи кесенесінде (14 ғасырдың аяғы мен 15 ғасырдың басы) т.б. құрылыстарда кеңінен пайдаланылған. Аралық мөлшеріне, салмақ көтеру мүмкіндігіне, құрылымдық сипатына қарай арка тастан, металдан, ағаштан және темір бетоннан т.б. жасалады. Ежелгі сәулет өнерінде арка көбінесе тастан, қыштан қаланған. Арка пішініне қарай жартылай дөңгелек, садақ тәріздес (готикада көп таралған), таға тәріздес (араб елдері, сәулет өнерінде жиі кездеседі), дулыға тәріздес, көп қалақшалы, киль т.б. тәріздес болып келеді. Арка бүгінгі заманғы құрылыстарда да өз мәнін жоғалтқан жоқ. Ғимарат тұрғызуда, көпір салуда т.б. құрылыстарда арка негізгі құрылымдық бөлік ретінде қолданылады.[4]
Доға – қисық сызықтың бойындағы кез –келген екі нүкте аралығындағы бөлігі. Шеңбер бойындағы екі нүкте оны екі доғаға бөледі.
Арка (лат. arcus — доға)—қабырға ойығында (терезе, қақпа, есікке) доға тәрізді иіп өрген итарқа шатыр немесе екі тіреудің (бағаналардың, колонналардың, көпір тіреулерінің) үстіне орнатылған аркалық өткел.[5]
Электр доғасы – физикалық құбылыс, газдағы электр разрядының бір түрі.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Математика әлемі
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ тілі терминдер сөздігі I том
- ↑ Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Механика / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын — Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2007 жыл.-29 1 б. ISBN 9965-08-234-0
- ↑ Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8
- ↑ “Қазақстан”: Ұлттық энциклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
- ↑ Өнердің ықшам тарихы—Антик өнері — Алматы, «Өнер» баспасы, 1988.—360 бет ISBN 5-89840-030-3
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |