Атырау облысы
Қазақстан облысы | |||||
Атырау облысы | |||||
| |||||
Әкімшілігі | |||||
---|---|---|---|---|---|
Облыс орталығы | |||||
Аудандар саны |
7 | ||||
Ауылдық округтер саны |
67 | ||||
Қалалық әкімдіктер саны |
2 | ||||
Ауыл саны |
153 | ||||
Әкімі | |||||
Тарихы мен географиясы | |||||
Координаттары |
47°07′ с. е. 51°53′ ш. б. / 47.117° с. е. 51.883° ш. б. (G) (O) (Я)Координаттар: 47°07′ с. е. 51°53′ ш. б. / 47.117° с. е. 51.883° ш. б. (G) (O) (Я) | ||||
Құрылған уақыты | |||||
Жер аумағы |
118 631 км² (13- орын) | ||||
Уақыт белдеуі | |||||
Экономикалық ауданы | |||||
Тұрғындары | |||||
Тұрғыны |
▲ 693 040[2] адам (2023)(13- орын) | ||||
Тығыздығы |
5,8 адам/км² (6- орын) | ||||
Ұлттық құрамы |
қазақтар 93,01 % | ||||
Сандық идентификаторлары | |||||
Телефон коды |
+7 712х xx-xx-xx | ||||
Пошта индекстері |
06xxxx | ||||
Автомобиль коды |
06 | ||||
ISO 3166-2:KZ коды |
KZ-ATY | ||||
Басқалары | |||||
Әкімдіктің мекенжайы |
Атырау қаласы, Әйтеке би көшесі, №77 | ||||
Ортаққордағы санаты: Атырау облысы |
Атырау облысы — Қазақстанның батысында орналасқан облысы, аграрлы-өнеркәсіптік инвестициялық аумақ, 1938 жылы Гурьев облысы деген атаумен құрылған. 1992 жылы қазіргі атауына ие болды. Орталығы — Атырау қаласы.
Географиясы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Солтүстігінде Батыс Қазақстан облысымен, шығысында Ақтөбе облысымен, оңтүстік-шығысында Маңғыстау облысымен және батысында Ресейдің Астрахан облысымен шектеседі. Сондай-ақ оңтүстік шекарасы Каспий теңізіне келіп тіреледі.
Жер бедері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Облыс аймағы Каспий маңы ойпатының солтүстік-шығыс бөлігін, Жем қыраты мен Үстірттің батыс шетін, Каспий теңізінің солтүстік бөлігін алып жатыр. Жері солтүстігінен оңтүстікке қарай аласара түсетін Ойыл, Сағыз, Жем өзендері салаларымен тілімденген.
Бұл аймақты Жем қыраты мен Үстірттің батыс сілімдері Доңызтау (214 м), оның бөліктері Желтау (221м), Тамды (175) жоталары алып жатыр. Қайнар мен Жем өзендері араларында Иманғара (199 м) Қойқара қыраттары, Қарамұрат жоны, Алабие, Аққұдық, Қабылан жоталары орналасқан. Олар ақшыл ізбес тастан тұрады. Жайық өзенінің сол жақ жағалауында Индер орналасқан. Таудың биіктігі 52 метр, ұзындығы 25–30 километр, ені 10 километрге жуық.
Каспий маңы ойпатының оңтүстік және оңтүстік батыс бөліктерінде құмды шағылдар көп тараған. Еділ өзенінің сол жағалауы мен Каспий теңізінің жағалықтарын Нарын құмы мен Мыңтөбе, Қосдәулет, Ботай құмдары, Ойыл мен Сағыз аралығын Тайсойған, Бүйрек құмдары, облыстың шығысын Каспий маңы Қарақұмы алып жатыр. Бұл құмдардың ең үлкені — Нарын құмы.
Атырау аумағында кең тараған жер бедерінің бір түрі — сорлар. Олардың тереңдіктері 5–10 метрге жетеді.
Ресей шекарасының батыс бөлігінен Еділ өзені ағып өтеді. Каспий теңізіне құятын Еділ жəне Жайық өзендерінің аралығының барлық дерлік бөлігін Атырау облысы алып жатыр. Географиялық тұрғыдан облыстың солтүстік-батыс жағы Еуропада, ал бүкіл шығыс жағы Азияда, негізінен шөлейттік аймақта жатыр.
Сонымен қатар Атырау аумағында тақырлар кездеседі. Ең үлкен тақыр Намаз тақыры деп аталады. Ол облыстың солтүстік- шығысында орналасқан.[4]
Геологиялық құрылымы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Геологиялық тұрғыдан алғанда Атырау облысы көне Шығыс Еуропа платформасына ендеп кірген Каспий маңы ойпатының оңтүстік жағалауын алып жатыр.
Атырау облысының шегінде ендік бағыты бойынша 500 километрге созылған, ені 90–140 км Солтүстік Каспий — Биікжал аймағы бар.
Оңтүстік жағында Оңтүстік Жем ылдиымен көмкеріледі, мұндагы іргетастың беті 12–13 километр тереңдікте жатыр.
Іргетастың үстінде шөгінді қорабы бар, ол тұз асты, тұзды, тұз үсті кешендеріне бөлінеді, палеозой және мезокайнозой кезеңдерінде қалыптасқан, жыныстарының жалпы тереңдігі 12–14 километрден асады.
Қаратон — Теңіз аймағында бірыңғай карбонатты кешен қалыптасқан. Геофизикалық зерттеулердің мәліметтері бойынша оның жалпы калыңдығы облыстың Солтүстік Каспий аймағында 1,5–3 километрге дейін, Каспий маңындағы ойпат ернеуінің оңтүстік-шығысында 8–10 километрге дейін өзгеріп отырады.
Тұз асты кешенінің күмбезі оңтүстігінде Оңтүстік Жем инверсиялык биігінен солтүстіктегі ойпаттың орталығына қарай моноклиналды түрде енеді. Тұз асты кешенінің моноклиналды енуінің аясында 3,5–3,8 километрден 6,0–6,4 километрге дейінгі тереңдіктен көптеген жергілікті қатпарлар, көлемі мен аумағы жөнінен әр түрлі, көтерілетін жерлердің жолағын кұрайтын белгілер ерекшеленеді.
Ерекшеленген төбешіктердің ұзындығы 6–20 километрге дейін, ені 100–300 метрден 2–13 километрге дейін кұбылып отырады.
Юралық-бор шөгінділер жағалаулық-теңіздік және теңіздік-терригенді, терригенді-карбонатты шөгінділер түрінде кездеседі. Бұл шөгінділердің қалыңдығы облыстың солтүстік бөлігінде 0,3–0,5 метрден Прорва аймағында 3 километрге дейін өзгеріп отырады.
Тұтастай алғанда облыстың тектоникалық дамуында жауын суының жиналу жағдайындағы сияқты сабақтастық байқалады. Сабақтастық мезгілі жөнінен геологиялық кезендерге сәйкес келеді. Аймақтың жоғарғы пермьдік-триастық, юра-палеогендік, неоген-төрттік даму кезендері айқын көрінеді.
Пайдалы қазбалары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Облыстың жер қойнауында қалың шөгінді қабаттармен байланысқан әр түрлі пайдалы қазбаларға мол. Олардың ішінде қоры аса бай әрі негізгісі мұнай болып табылады.
Мұнай-газдан басқа пайдалы қазындылар ішінен облыс экономикасы үшін маңыздылары ретінде борат және борат тұзды кендерді, ас тұзын, калийлі, магнийлі жыныстарды атауға болады. Құрылыс индустриясы шикізаттарынан бор, бор-мергельді жыныстар, гипс, ангидрит, сазды, кұмды әктастар, сондай-ак битуминозды жыныстар (кирлер) мен тұщы және минералды су көздері бар.
Борат кені дүние жүзінің бір-ақ жерінен, тек Атырау облысының қойнауынан ғана табылып отыр. Сондай-ақ күкірт, құм-қиыршық тас қосындылары, отқа төзімді керамзит және кірпіштік саздар, ұлутас, шипалы балшық, қоңыр көмір мен минералды бояулар жасауға жарамды саз шөгінділері бар.
Топырағы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Жалпы Каспий маңы ойпатының, сондай-ақ Атырау облысының топырақ жамылғысының құрылымы өзінін түзілу факторлары мен құрамының сан алуандығына байланысты өте күрделі болып келеді.
Негізінен мұнда топырақ таралуының ендік белдеулілігі басым қалыптасқан, яғни топырақтың бір түрінің қабаты ендік бағытқа қарай созыла шашыла түзіледі де, теңізге жақындаған сайын келесі түрмен жиі және әлденеше рет ауысып отырады.
Шалғынды аллювийлі қуаң топырақ (Жайықтың екі жағындағы кең жайылмаларында ғана тараған, құнарлы қабаты 70 сантиметрге дейін, негізі — аллювий шөгінділері).
Бозғылт — құмды топырақ (Нарын, Тайсойған және Ментеке өңірлері). Батпақты-тұзды саз топырақ (ойпаттың теңіз жағалауына ұласатын бөлігі, гумус қатапшы, шикі шымтезек аралас келеді, аса кепкен жерлерінде бэр төбешіктері қалыптасқан).
Автоморфты қоңыр не сұр қоңыр топырақ (Жайықтың екі жағында да, әсіресе сол жағында Тайсойғанға дейінгі өңірді, Ойылдың сағалық бөлігін қамтиды, біршама құнарлы келеді, гипс пен тұз кабаттарының үстінде түзілген, облыс жерінің 20%-ынан астамын алады)
Тақыр және батпақты Теңіз жағалауының топырақ құрамының ішінде 2 млн. гектар жері ащы-ашқылтым топырақтар. Бұл аймақ бұйырғынды, күзгі-қысқы жайылымға пайдаланады. Тиісті ылғалдылық жетпеуінен олар қатқылдыққа айналып, өсімдіктердің еркін өсуіне мүмкіндік бермейді.[5]
Сортаң топырақ облыс аумағында өте көп тараған. Топырақтың беткі қабатына тұзы шығып жатады. Мұнда тұздың мөлшері 8–10 % -ке дейін жатады.
Өсімдіктер дүниесі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Облыстың барлық аудандарында дерлік жусан, қияқ, бұйырғын, ебелек, мортық, қоңырбас, көкпек басым өседі, бұларға қосымша көктемде ойпатттарда селеу, изен, сарсазан, ажырық т.б.араласа шығады.
Теңіз жағасындағы батпақтарда қамыс, құрақ жиі кездеседі. Шығыс жағында ебелек, мортық, шытыр, қаңбақ, ақселеу, жыңғыл, жүзгін өседі.
Сонымен қатар облыс аумағында дәрілік, техникалық өсімдіктер де кездеседі. Олардың жалпы саны 50 ден асады. Дәрілік шөптерден облыс аумағында кездесетіндері: адыраспан, ешкі тал, қырықбуын, құмаршық т.б. Жалпы Атырау облысында өсімдіктердің 945 түрі бар. Бұлардан басқа жантақ, көкпек, ошаған, сүттіген, шырмауық т.б. табиғи өсімдіктер бар. Улы шөптерден, есекмия, меңдуана кездеседі.
Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген, яғни жойылып кету қаупі төнген өсімдік түрлерінен ақтұңғиық, берік сүттіген, бор рияны, бор сиякөгі, бор сылдыршөбі, бүршікті альдрованда, бүршікті феллориния, кестелі шампиньон, комаров жоңышқасы, күманды долана, қатпар гладолиус, мейер шытырмағы, су шылымы, тегеурінгүл, т.б. кездеседі.[7]
Жануарлар дүниесі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Атырау облысында 500 ге тарта омыртқалы жануарлар түрі және мыңдаған омыртқасыз жануарлар түрлері кездеседі. Облыс аумағында құстар алуан түрлі және кең таралған. Олардың ең басты тіршілік орындарының бірі –су және оның жағалауы. Жалпы құстардың 280-дей түрлері бар. Оның ішінде бірқазан, дегелек, қаз, үйрек, шағала, тырна, дуадақ, көгершін, торғай тәрізділер көп тараған.
Облыстың өзен-көлдерінде балықтардың көптеген түрлері бар. Кәсіптік маңызы бар балық түрлерінен бекіре, қорытпа, шоқыр т.б. балықтар кездеседі. Облыс суларында шортан, сазан, жайын, майшабақ, қаракөз т.б. кең тараған. Жалпы Каспий теңізінің Атыраулық аймағында бағалы балықтардың 122-ден астам түрлері кездеседі.
Қосмекенділер мен бауырмен жорғалаушылардың 50 ге жуық түрлері тараған, кемірушілердің 27 түрі бар. Атырау облысында аңдардың 55 түрі, оның ішінде жыртқыш аңдардың 12 түрлері бар. Олардың кең таралғандары: қасқыр, түлкі, қарсақ, жанат тәрізділер, қабан, киік.
Облыстың пайдалы қазындылары, әсіресе мұнай-газ кендерін қарқынды игерудің нәтижесінде хайуанаттар дүниесінің таралу кеңістігі жылдан-жылға тарылуда, түр саны азаюда, тіршілік аумағы күннен-күнге кемуде.
Климаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Атырау облысында континенттігі тым басым климат қалыптасқан. Облыс табиғи ылғалдылығы жеткіліксіз, аңызақ желді, шаңды дауылды, жазы ыстық, қуаң, қысы қарсыз (не жұқа қарлы) болып келеді.
Ең ыстық айы — шілде, ауасының орташа температурасы 24–25°С, жалпы ыстық 35–40°С, кейде одан да астам болады.
Жауын-шашынның жылдық мөлшері 220–230 мм, қуаңшылық жылдары жауын-шашын мөлшері 80 мм-ден аспайды, ал ылғалдың жер, су бетінен ауаға булану мөлшері 1000 мм, кейде одан да астам болады. Облыстың солтүстігінде жыл бойына оңтүстік бағыттағы желдер басым болады. Оңтүстік аудандарда құрғақ шөлді жерлерде қыста шығыс бағыттағы желдер жиі соғады (қарқындылығы 6–7 м/сек), ең күшті желдің қарқындылығы 15 м/сек. жетеді де жыл ішінде 50 күндей соғады. Жел жаз айларында түрлі бағыттардан өзгеріп соғып отырады. Көбіне солтүстік-батыс, оңтүстік-батыс, оңтүстіктен соғатын желдер басымырақ келеді. Оңтүстік желдер аңызақтығымен, құрғақ әрі ыссылығымен ерекшеленеді.
Қыс маусымы ауасының қаңтардағы орташа температурасы -8°С, -12°С, қиыр оңтүстігінде -5°С, -6°С. Қыста жел негізінен шығыс (оңтүстік-шығыс және солтүстік-шығыс) бағытында соғады, қарқындылығы 6–7 метр/секунд Жылдык жауын-шашын мөлшерінің жартысынан астамы қыста түседі.
Гидрологиясы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Атырау облысының жер беті сулары Еділ өзенінің сол жақ тармақтарынан, Жайық, Ойыл, Жем, Сағыз өзендерінің төменгі ағыстарынан және үлкенді-кішілі көлдерден тұрады. Негізгі өзені Жайық өзені.
Өзендері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Өзендердің жинайтын суларының тек 10–20% ғана өз облыс аумағынан, ал қалған суын басқа аймақтан әкеледі. Жайық өзені кеме арқылы әр түрлі жүк және жолаушы тасымалдауға пайдаланылады, балық ауланады. Ал қалған өзендері егістікке, шабындықты суландыруға және мал суару үшін ғана пайдаланылады. Ірі өзендері Жайық, Жем, Ойыл, Қайнар.
Сол сияқты Бақсай, Бүгілөзек, Бағырлысай, Ақсай өзендерінің жергілікті маңызы бар.
Облыс аумағында Еділ өзеніндегі салалардың тармақтары: Ахтуба, Бозан, Қиғаш т.б. өзендер бар.
Көлдері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Облыста екі мыңнан астам көлдер бар. Олардың жалпы көлемі 800 шаршы шақырым шамасында. Облыс көлдері тұйық, ағынсыз болып келеді.
Облыста дүние жүзіндегі ірі көл — Каспий теңізі бар. Республика аумағындағы жағалау сызығының ұзындығы 2340 ш. Оның жартысына жуығы Атырау облысына тиеді. Индер көлінен құрамында бром калийі бар жоғары сапалы тұз өндіріледі. Жалтыр көліне Бағырлысай, Бүгілөзек секілді шағын өзендер құяды.
Бұдан басқа екі мыңнан астам шағын көлдер бар. Олар: Қамыскөл, Мешер, Дәулет, Толай-сор. Олардың 65-70%-і жаз кезінде құрғап қалатын уақытша көлдер.
Облыс аумағында жер асты су қорларының алты су кен орны ашылған. Оның төртеуінің суы пайдаланылуда. Олардың ең үлкені және қоры молы Тайсойған, Бүйрек және Қоянды құмдарында орналасқан. Қабатының тереңдігі 50–120 метр, қалыңдығы 30–70 метр.
Әкімшілік бөлінісі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Облыста 2 қала (облыстық маңызы бар – Атырау, аудандық маңызы бар – Құлсары), 4 кент (Индербор, Мақат, Доссор, Жаңа Қаратон), 63 ауылдық округ, 149 ауыл орналасқан. Облыс құрамына 7 аудан кіреді.
№ | Аудандар | Аумағы (мың км²) |
Халқы (мың адам)[8] |
Орталығы | Құрылған жылы | Әкімшілік бөлінісі |
---|---|---|---|---|---|---|
1. | Жылыой | 29,4 | 82,9 | Құлсары | 1928 | 5 ауылдық округ, 1 кент, 1 қала |
2. | Индер | 10,9 | 32,1 | Индербор | 1928 | 6 ауылдық округ, 1 кент |
3. | Исатай | 14,7 | 26,6 | Аққыстау | 1928 | 7 ауылдық округ |
4. | Қызылқоға | 20,6 | 30,5 | Миялы | 1928 | 10 ауылдық округ |
5. | Құрманғазы | 20,9 | 57,3 | Құрманғазы | 1928 | 19 ауылдық округ |
6. | Мақат | 9,1 | 30,3 | Мақат | 1938 | 1 ауылдық округ, 2 кент |
7. | Махамбет | 9,6 | 34,8 | Махамбет | 1928 | 9 ауылдық округ |
Қалалары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Халқы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Облыс аудандары мен қалалары | 2009 | 2021 | 2021 2009-ға пайызбен | Әйелдер 2009 | Әйелдер 2021 | 2021 2009-ға пайызбен | Ерлер 2009 | Ерлер 2021 | 2021 2009-ға пайызбен |
---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|
Жылыой ауданы | 70156 | ▲84908 | 121 | 34529 | ▲42438 | 122,9 | 35627 | ▲42470 | 119,2 |
Индер ауданы | 30464 | ▲32502 | 106,7 | 15338 | ▲16544 | 107,9 | 15126 | ▲15958 | 105,5 |
Исатай ауданы | 24643 | ▲26440 | 107,3 | 12464 | ▲13550 | 108,7 | 12179 | ▲12890 | 105,8 |
Құрманғазы ауданы | 55502 | ▲55843 | 100,6 | 27757 | ▲28413 | 102,4 | 27745 | ▼27430 | 98,9 |
Қызылқоға ауданы | 30606 | ▼30445 | 99,5 | 15529 | ▲15623 | 100,6 | 15077 | ▼14822 | 98,3 |
Мақат ауданы | 25736 | ▲29481 | 114,6 | 12825 | ▲14656 | 114,3 | 12911 | ▲14825 | 114,8 |
Махамбет ауданы | 25959 | ▲28789 | 110,9 | 12895 | ▲14420 | 111,8 | 13064 | ▲14369 | 110 |
Атырау қаласы | 247311 | ▲385193 | 155,8 | 118345 | ▲186581 | 157,7 | 128966 | ▲198612 | 154 |
Облыс | 510377 | ▲673601 | 132 | 249682 | ▲332225 | 133,1 | 260695 | ▲341376 | 130,9 |
Облыстың халқы қалада, өндіріс орталықтарында және Жайық өзенінің екі жағалауында тығыз орналасқан.
2014 жылғы 1 қаңтарда қала тұрғындарының саны 276,8 мың (48,7%) адам, ауылдықтар 291,1 мың (51,3%) адам болды.
Халықтың орташа орналасу тығыздығы облыс бойынша (1 шаршы км аумаққа) 4,8 адам құрайды.
2020 жылғы 1 мамырда[10] облыс халқының саны 649 225 адам болды.
Атырау облысы халқының саны[11][12]
1940 | 1950 | 1959 | 1970 | 1979 | 1989 | 1999 | 2009 | 2019 |
---|---|---|---|---|---|---|---|---|
247,4 | 214,3 | 252,0 | 340,3 | 373,4 | 432,3 | 443,7 | 509,1 | 646,4 |
Облыс халқының өсуі соңғы жиырма жылда байқалады. 2009 жылы алдыңғы 1999 жылға қарағанда 66 мың адам қосылып 509 мыңға жетсе, 2019 жылы 10 жылда 137 мың адам қосылып 646 мыңға жетті.
Қазір облыста 50 ұлттың өкілдері тұрады. Облыстың негізгі халқы қазақтар (92,5%). Содан кейін көп тараған орыстар (5,2%), корейлер (0,5%), татарлар (0,3%), өзбектер (0,2%), украиндар (0,1%), немістер (0,07%) т.б..
Барлық ұлттар | қазақтар | орыстар | корейлер | татарлар | өзбектер | украиндар | немістер | басқалары |
---|---|---|---|---|---|---|---|---|
633 791 | 586 802 | 33 411 | 3 170 | 2 306 | 1 577 | 756 | 480 | 2 283 |
Ұлттардың облыс аумағында таралуы бір келкі емес. Олардың басым көпшілігі қалаларда, ірі жұмысшы кенттерінде, аудан орталықтарында, Жайық өзені бойындағы елді мекендерде тұрады.
Ал аудандарда негізінен байырғы халықтар қазақтар тұрады. Қызылқоға ауданында 99,8%, Исатай ауданында 99,7%, Жылой ауданында 98,3%, Құрманғазы ауданында 97,8%, Мақат ауданында 97,6%, Махамбет ауданында 97,2 %, Индер ауданында 96,4%.
Тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Археологиялық деректер бойынша Атырау қаласына жақын жатқан ең ежелгі ескерткіш Жайық өзенінің сол жағасындағы Кандаур ауылының қарсы беткейі неолит (жаңа тас ғасыры) мекені.
Өзен аумағындағы халықтың сол кезден күні бүгінге дейінгі негізгі кәсібі мал шаруашылығы болған. Сол кездегі малшылардың көне тұрақтары Құрманғазы ауданы на жақын орналасқан Қоңыр құдық, Көк Мұрын, Қадырғали құмына және жаңа Үштағанға жақын Сазды қыстағынан табылды. Тұрақтардың аумағына қарағанда бұрынғы малшылар шағын жерасты үйшіктерде өмір сүрген.
1999 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданы, Аралтөбе қорғанына Ә.Марғұлан атындағы археологиялық экспедициясы қазба жұмыстарын жасап, Алтын киімді адам табылды.
Ғалымдардың тұжырымдауы бойынша бұл алтын киімді адамның өмір сүру кезеңі осыдан 2 мың жыл бұрынғы сарматтар дәуіріне жатады.
Қазақ даласындағы ең көне тарихи орындардың бірі — Сарайшық қаласы. Ол — Атырау облысындағы Махамбет ауданының аумағында орналасқан ортағасырлық қала. Орда дәуірінде Сарайшық Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан маңызды діни, саяси-экономикалық орталық. Алтын Орданың, қазақ және ноғай хандарының алғашқы пантеоны, Қасым хан тұсында Қазақ хандығының алғашқы астанасы болды.
ХV ғасырдан бастап Атырау өңірі Кіші жүздің тарихи орны болып қалыптасты. Қазақ халқы XVIII ғасырдың басында Алтайдан Жайыққа дейінгі ұшан теңіз даланы қамтыған бір тұтас іргелі ел болды.
Бөкей хан 1801 жылы Еділ мен Жайық арасындағы отыз жыл бойы иесіз қалған ен даланы мекендеуге патшадан рұқсат алып, оған мыңдаған елді көшіріп әкеліп қондырды. Сөйтіп, бұл өңір «Бөкей ордасы» деп аталды. Бөкей ордасында феодалдық қанау мен Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы Исатай мен Махамбет бастаған ұлт - азаттық көтеріліс 1836-1838 жылдарды қамтыды.
1916 жылғы жарлыққа байланысты, ұлттық езгіге, феодалдық қанауға шыдамаған қазақ халқы қолдарына қару алып И.Таймановтың немересі Өтепқали Исатаев бастаған көтеріліс белең алды. Кейін бұл көтеріліс 1917 жылғы революцияға ұласты.
Ақ гвардияшылардың көтерілісінен кейін Атырау өлкесінде мұнай байлығы және балық шаруашылығы игеріле бастады. Ұлы Отан соғысына дейін және Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары мұнай мен газды игеру мақсатында көптеген ірі кәсіпорындардың құрылысы басталды.
Егемендік алғаннан кейін облыстың экономикасы мен мәдениеті қарқынды дами бастады. Атырау өлкесі – Қазақстанның ірі индустриалдық орталығына айналды.
Экономикасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Аймақ экономикасының негізін мұнай өндіру құрайды. Атырау облысының ірі кәсіпорындары:
- «АМӨЗ» ЖШС;
- «Ембімұнайгаз» АҚ;
- «Теңізшевройл» ЖШС;
- Солтүстік Каспий операциялық компаниясы (NCOC)
Атырау облысы Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының бірі және әлемнің 50-ден аса елдерімен тығыз ынтымақтастықта.
Бұнда 1000–нан аса біріккен және шетел кәсіпорындары құрылып, сәтті жұмыс жасауда. Олардың қатарында мұнай-газ саласындағы ірі кәсіпорындар бар: «Tengizchevroil» ЖШС, «North Caspian Operating Company» ЖШС, «Fluor Kazakhstan Inc.» ЖШС және басқалар.
Атырау облысының экономикалық дамуының негізгі бағыттары: мұнай-химия, мұнай-газ машина жасау, құрылыс индустриясы, агроөнеркәсіптік кешен және балық аулау. Облыс әр түрлі табиғи ресурстардың қорларына бай. Соның ішінде: бораттар, бор, тұз рудалары, ас тұзы, калий тұздары, құрылыс материалдары. Өңірге тікелей шетел инвестицияны тарту және инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.[13]
Екіжақты халықаралық қатынастарды дамыту мақсатында, инвестициялық әлеуеті зор аймаққа жыл сайын алыс және жақын шетелдерден делегациялар келіп кетеді. Атырау облысында жыл сайын «Global Oil&Gas Atyrau» мұнай-газ көрмесі өткізіліп, көрмеге әлемнің 150-ден астам елі қатысады.
Аймақтағы отандық және шетелдік инвесторларға сапалы және жедел көмек, ақпараттық-аналитикалық және сервистік қолдау көрсету мақсатында «Kazakh Invest» ҰҚ» АҚ, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және «Atyrau Innovations» ЖШС секілді мекемелері тиісті қызмет атқарады. Сонымен қатар, бүгінде облыста бірқатар шетелдік визалық орталықтар жұмыс істейді.
Ауыл шаруашылығы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Атырау облысының агроөнеркәсіптік кешені өңірдегі экономиканың маңызды секторларының бірі болып есептеледі, ауылдық жерлерде облыс халқының жалпы санының 42,7% өмір сүреді.
Облыстың ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі 9,8 миллион гектарды құрайды. Облыстың ауыл шаруашылығы мал өсіруге, әсіресе қой және ірі қара, жылқы, түйе өсіруге маманданған.
Мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру жөніндегі ұлттық бағдарламаға сәйкес ауыл шаруашылығында түбегейлі экономикалық реформа жүзеге асырылды.
Климат жағдайы мен топырағының құнарсыздығына байланысты облыста егін шаруашылығы өркендемеген. Жайық өзенінің төменгі ағысымен Еділдің тарамдарында Махамбет, Құрманғазы, Индер ауданының шаруашылықтары картоп, көкөніс және бау-бақша өсірумен айналысады.
Облыс ауыл шаруашылығында негізгі сала мал шаруашылығы болып есептеледі. Мал шаруашылығымен облыста Исатай, Құрманғазы, Индер және Қызылқоға аудандары айналысады.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 19528,1 млн теңгені, нақты көлем индексін 99,7% құрады.
Ет өндіру 47,0 мың тоннаны немесе 102,1%, сүт өндіру 54,2 мың тоннаны (100,5%), жұмыртқа өндіру 1,84 млн дананы (100,2%) құрады.
2010 жылғы қаңтар–желтоқсанда ірі қара мал 182,3 мың басты немесе 102,8%, қой және ешкі 619 мың басты (103,1%), түйе 31,7 мың басты (102,5%), жылқы 46 мың басты (103,9%) құрады.
2011 жылғы 1 қаңтарда ауыл шаруашылық құрылымдарының жалпы саны 2008 бірлік құрады, соның ішінде 79 өндірістік кооператив, 1929 шаруа қожалығы болды.[14]
Көлік және байланыс
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Атырау облысының көлік жүйесінің дамуына оның Орал және Еділ бойы экономикалық аудандармен көрші жатуы және Орта Азия республикалаларымен транзиттік-экономикалық қатынастарының жолындағы қолайлы географиялық орны үлкен әсерін тигізді. Қазіргі таңда Атырау облысында көліктің барлық түрлері де дамыған. Оның құрамында: темір жол, автомобиль, су жолы, әуе жолы және құбыр желісі кіреді.
Темір жол көлігі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Атырау облысында алғашкы тар табанды ұзындығы 92 шақырым темір жол 1925–1926 жылдары Гурьев-Доссор аралығында салынды.
Ұзындығы 517 шақырым Қандыағаш–Гурьев темір жолы 1938 жылы басталып, Ұлы Отан соғысы кезінде іске қосылды.
1966 жылы ұзындыгы 700 шақырым Мақат–Маңғыстау темір жолы желісі пайдалануға берілді.
1970 жылы ұзындығы 333 шақырым Атырау–Астрахан темір жолы, 1989 жылы Мақат–Индер темір жолы іске қосылды.
Әуе көлігі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Атырау облысының әуе жолы өз дамуын 1931 жылы ашылған Баку–Астрахан–Гурьев–Ембі маршрутынан бастайды. 1935 жылы Ақтөбе–Гурьев, Орал–Гурьев рейстері ашылды.
1940 жылғы ақпанда Гурьевте қазақ баскармасыныц 244-авиаотряды құрылды. Машиналар паркінде негізінде ПО-2 моделдері болды.
Бүгінде ескірген әуе көліктерінің орнына осы заманғы жаңа лайнерлер келді. Әуежай жаңа техникамен жабдықталып, жаңадан ұшу- қону алаңдары үлкейтіліп, аэровокзал кешені салынды.
Автомобиль көлігі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының ұзындығы 2 752 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалык жолдар 900 шақырым, жалпы қолданатын жергілікті жолдар 1 762 шакырым.
Атырау–Ақтау автожолының облыс аумағындағы ұзындығы 270 шакырымды құрайды. Ұзындығы 488 шақырым Атырау-Орал автомобиль жолы бар.
Атырау–Астрахань автожолдарын қайта жаңарту басталды.
Су жолы көлігі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Жайық өзенінде кеме шаруашылығы 1925 жылы ұйымдастырылған болатын. 1927 жылдан бастап Жайық өзені арқылы Атырау-Орал аралығында жүк тасымалы жүргізілді.
1964 жылы Гурьев өзен порты құрылып, оны жабдықтау жүк көтеретін техникадан басталып, флот теплоходтармен, буксирлермен толықтырылды.
1982 жылы өзен порты қайта жаңартылып, механикаландырылды. Мұнда үш көтергіш краны кондырылып, темір жол тартылды.
1999 жылдан бастап Жайық–Каспий теңізі каналы арнасын тазарту, қазу жұмыстары басталды.
Құбыр көлігі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1934 жылы ұзындығы 830 шақырым Каспий–Орск мұнай құбыры салынды.
Атырау облысының территориясымен мемлекет аралык маңызы бар транзитті мұнай және газ құбырлары өтеді. Олар: Орталық Азия–Орталық газ құбыры, ұзындығы 1 500 шақырым 1968–1970 жылдары салынған Өзен–Атырау–Самара мұнай құбыры, 1989 жылы салынған ұзындығы 678 шақырым Теңіз–Атырау–Грозный мұнай құбыры.
Қазақстан мұнайын дүниежүзілік рынокқа шығару үшін 2001 жылы ұзындығы 1 580 шақырым жылына 67 миллион тонна мұнай өткізу қабілеті бар Теңіз–Новороссийск мұнай құбыры іске қосылды.
Облыстың басты газ құбырының ұзындығы 3 058 шақырым, жылына өткізу қабілеті 40,8 млрд. текше метр.
Облыстың басты су құбыры Астрахан–Маңғыстау тұрба құбыры.
Байланыс кәсіпорындары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Облыстық телекоммуникация дирекциясы
- Облыстық радиотеледидар арқылы тарату орталығы
- "Қазпошта" АҚ Атырау филиалы
- Altel ұялы телефон байланысы
- Kcell ұялы телефон байланысы
- Beeline ұялы телефон байланысы
- Tele2 ұялы телефон байланысы
Туризм
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Аймақ экономикасының басым және аса мән беріліп жатырған бағыттарының бірі туризм саласын дамыту. Әлемнің 50-ден астам елінен 1 000 астам шетелдік және бірлескен компаниялары қызмет етуі Іскерлік туризмнің қарқынды дамуына ықпал етуде. Атырау облысында туризмді дамытудың орны ерекше. Каспий маңында орын тепкен Атырауда туризм саласын дамыту үшін қолайлы аудан ретінде толық қарастыруға мүмкіндік бар. Болашақта емдік-сауықтыру, мәдени-танымдық, спорттық, экологияық, экстрималдық түрлерін дамытуға мүмкіндіктер бар. Спорттық туризмді дамытуда балық аулаудың өзіндік үлгісін ұсына аламыз.[15]
Атырау облысы бойынша да жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі бекітіліп, оған 313 ескерткіш (525 нысан) кірген.[16]
- Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері. Бұл нысанға Атырау облысы бойынша Иманқара кешені кіреді. Иманқара кешені — Иманқара тауының батыс сілемдерінің етегінде орналасқан ерте темір дәуірлік үңгір.
- Археологиялық ескерткіштер және орта ғасырлық қалалық орталықтар. Бұл топқа Атырау облысы бойынша Аралтөбе кешені мен Сарайшық қалашығы кірген. Аралтөбе қорғандар тобы. Бұл жерден Алтын киімді адам табылған. Сарайшық қалашығы қазақ даласындағы ең көне тарихи орындардың бірі
- Діни және ғибадат орындары болып табылатын орындар. Бұл нысанға Ұшқан ата, Ақмешіт қорымдары, Құлшан ата жерасты мешіті кіреді.
- Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар. Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлы кесенелері кіреді.
Осы шаралар арқылы туризмді дамытуға жағдай жасай отырып, өлкемізді шетелдік қонақтарға таныстыруға мүмкіндіктер бар.[17]
Халық ағарту ісі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазан революциясына дейін облыс орталығында 1-гимназия, екі сыныптық орысша-қазақша учелище, 2 приход және 2 дін мектебі жұмыс істеген. Уездік халық ағарту бөлімі жанынан сауатсыздықты жою жөніндегі комиссия құрылып 24 мектеп ашылып, 600 адамды қамтыған.
1924–1925 жылдар аралығында бірінші басқышты 40 мектеп, оның төртеуі интернат болып ашылған. 1938 жылғы 12 ақпанда облыстық атқару комитеті, сонымен бірге облыстық халық атқару бөлімі құрылды. Бақсай, Жылыой, Мақат, Қызылқоға, Теңіз, Индер, Маңғыстау аудандары Гурьев облысына қарады. Облыстағы білім беру жүйесі, жалпы орта білім беру, мектептен тыс тәрбие беру мен оқыту, кәсіптік-техникалық білім беру, орта арнаулы білім беру, жоғары білім беру, жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім кадрларының біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау салалары қалыптасып дамыды.[18]
Тәуелсіздік жылдарында Атырау облысы білім беру саласы қарыштап дамыды. 1991 жылы 17 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы жұмыс жасаса, 2000 жылдан бастап 8 оқу орны ашылып, бүгінгі күні техникалық және кәсіптік білім беруді 25 колледж жүзеге асырады. Тәуелсіздік алғаннан бері дарынды балаларды қолдау және оларға жағдай жасау мақсатында аймақта жаңа типтік үлгідегі білім беру ұйымдары: 7 мамандандырылған интернаттық мекемесі бар облыстық мектеп, 11 мектеп-гимназия, 3 мектеп-лицей, 1 лицей ашылды.
2020 жылғы 10 қаңтардағы мәлімет бойынша Облыстың білім беру саласында 201 балабақша, 129 мектепке дейінгі шағын орталық, 196 орта мектеп, 5 жекеменшік мектеп, 25 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы (оның ішінде 8 — мемлекеттік емес), 3 арнайы түзету білім беру ұйымы, 45 қосымша білім беру ұйымы, 1 отбасы үлгісіндегі балалар ауылы, 1 балалар денсаулығын оңалту орталығы, 1 кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы, 2 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 7 түзету кабинеті, 1 аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығы, 1 облыстық әдістемелік орталығы жұмыс жасайды.
Денсаулық сақтау ісі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Атырау облысының тұрғындарына дәрігерлік жәрдем көрсету туралы алғашқы деректер 1927 жылға саяды. Сол кезеңде тұңғыш фельдшерлік орын ашылған. 1928 ж. Атырау облысының аудандары мен ауылдарына арнап медицина кадрларын даярлау ісі колға алынды. 1936 ж. облыс халқына 36 дәрігер мен 279 орташа дәрежедегі медицина маманы кызмет көрсетті, жер-жерде 2074 орындык 6 амбулатория мен аурухана жұмыс істеді. Ұлы Отан соғысы жылдарында Атырау қаласына 2 госпиталь орналастырылды.
Соғыстан кейінгі жылдары медицина мекемелерінің жүйесі жедел қарқынмен кеңи түсті. 1967 жыл мен 1987 жыл аралығында облыстық аурухананың, облыстық балалар ауруханасының, облыстық перзентхананың, облыстық онкологиялық және туберкулезді емдеу диспансерінің жаңа үйлері іске қосылды, ал 1975 жылдан бастап Қазақ туберкулез және онкология ғылыми-зерттеу институттарының бөлімшелері ашылды.
1998 жыдғы қазанда облыстық аурухана жанынан күрделі инженерлік-техникалық аппараттармен жабдықталған жаңа клиника ашылды. Үш қабатты, ауданы 4500 м2 жаңа ғимаратта орналасқан бұл аурухана өзінін оташылык-реанимациялық, күйік емдеу бөлімшелерімен дүниежүзілік деңгейде жұмыс істейтін емдеу орнына айналды.
Қазіргі кезде облыс бойынша 136 денсаулық сақтау ұйымы медициналық көмек көрсетеді, оның ішінде 21 ауруханалық, 115 амбулаториялық-емханалық (8 емхана, 7 орталық аудандық ауруханалар, 55 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік пункт, 23 медициналық пункт, басқа да 10 медициналық ұйым). 2018 жылғы 29 шілдеде Оңтүстік Кореяның Бундан Чанг клиникасымен меморандум жасалып, Мемарандум шеңберінде Келісім бойынша Оңтүстік Кореяға білімін жетілдіруге жолдама арқылы 7 маман оқып келді.[19]
Әдебиеті мен өнері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1957 жылы республика өмірінде тұңғыш рет облыс театрларының байқауы өткізілді. Байқау қорытындысында Гурьев театры бірінші жүлделі орынға ие болды.
Дина Нұрпейісова атындағы халық ұлт-аспаптар оркестрі 1958 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне жолдама алып, одақтар үйінің колонна залында өнер көрсетті.
Қазіргі Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармония 1966 жылы ұйымдастырылды. Филармонияның құрамында 3 эстрадалық ансамбль, 2 қуыршақ театры істеді. Олардың қатарынан «Атырау-Жайық» эстрада ансамблін ерекше атауға болады. 1980 жылы «Нарын» ансамблі құрылды. 1992 жылы «Нарын» ансамблі Монғолияға барып қайтты.
Қазақстан Республикасының халық артистері, киноактер Нұрмұхан Жантөрин, биші Гүлжан Талпақова, күйшілер Бақыт Қарабалина, Қаршыға Ахмедияров, Әзидолла Есқалиев, Айгүл Үлкенбаева, әнші Ғафиз Есімов Атырау топырағынан шыққан таланттар.
Басты мәдени кешендерден Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық академиялық драма театрын, Атырау облыстық өлкетану мұражайын және Атырау облыстық өнер мұражайын айтуға болады.
Баспасөзі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- «Атырау» газеті
- Прикаспийская коммуна
- Апталық «Ар-Честь» газеті
- Апталық «Ақ Жайық» газеті
- Апталық «Мегаполис Атырау» газеті
- Апталық «Тұран» газеті
- «Кең Жылыой» (Жылыой ауданы)
- «Мақат тынысы» (Мақат ауданы)
- «Серпер» (Құрманғазы ауданы)
- «Жайық шұғыласы» (Махамбет ауданы)
- «Дендер» (Индер ауданы)
- «Нарын таңы» (Исатай ауданы)
- "Қызылқоға" (Қызылқоға ауданы)
Спорт
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Атырау топырағынан алғашқылардың бірі болып халықаралық деңгейге көтерілген жеңіл атлетші Әмин Тұяқов болды. 1963-1967 жылдар аралығында 200 метрге жүгіруден тең келер ешкім болмады. Ә.Тұяқов 100 метр, 200 метр қашықтыққа жүгіруден және 100х4, 200х4 эстафетаға жүгіруден 8 рет КСРО чемпионы атанып, 10 мәрте күміс, қола жүлдеге ие болды.
Ел біріншілігінде Атырау балуандары да ойдағыдай нәтижелерге жетті. Еркін күрес бойынша Қазақстанның тұңғыш Атыраулық чемпионы Ж.Ысқақов ұзақ жылдар бойы дене шынықтыру мен спорт жүйесінде табысты еңбек етті.
Атырау ескекшілері Д.Савин, А.Сафарян, С.Сергеев Қазақстанның бірнеше дүркін чемпиондары.
Арман Шілманов 84 кг салмақты таэквондодан 2008 жылғы Олимпиялық ойындардың қола медалі иегері.
Атырау аруы Сәния Махамбетова самбо және дэюдо күрестері бойынша халықаралық және республикалық сайыстарда бірнеше рет жеңістерге жетті.
Облыста спорттың бокс, қайық есу , футбол, тоғызқұмалақ, баскетбол, шахмат, волейбол сияқты түрлері кең тараған.
Атырау облысы бойынша футбол, волейбол, хоккей, баскетболдан еліміздің біріншілігінде Атырау спорт командалары жақсы нәтижелер көрсетіп келеді.
«Атырау» футбол командасы республика чемпионатының 2 дүркін қола жүлдегері (2001 және 2002 жылдар), 2009 жылы Қазақстан кубогының иегері. Қазақстан кубогының иегері.[20]
«Бейбарыс» хоккей клубы дүркін Қазақстан чемпионы (2010/2011, 2011/2012, 2015/2016 және 2018/2019).
«Атырау» волейбол командасы 2003 және 2006 жылғы еліміздің чемпионы, 4 рет Қазақстан кубогының иегері: 2000, 2009, 2010, 2015
«Атырау Барыстары» баскетбол командасы Қазақстан біріншілігінің 2-рет алтын (2010/2011, 2015-2016), 7-дүркін күміс жүлдегері (011/2012, 2012/2013, 2013/2014, 2016/2017, 2017/2018, 2018/2019, 2019/2020).[21]
Спорт нысандарынан Атырау қаласының орталық «Мұнайшы» стадионын атауға болады. Қасында спорт комплексі және жүзу бассейні бар. Денешынықтыру және сауықтыру орталығында (ФОК) әртүрлі спорт секциялары жұмыс жасайды.
Атырау мұз айдынында коньки теуіп, дем алуға мүмкіндіктер қарастырылған, хоккейден еліміздің біріншілігінің ойындары өтеді. Теннис орталығында үлкен теннис ойнауға арналған 4 ашық және 4 жабық алаң бар. Мамандардың айтуынша, теннис корты халықаралық үлгідегі құрылыс талаптарына сай келеді.[22]
Танымал тұлғалары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Аркадий Юрьевич Волож — Яндекс компаниясының бас директоры.
- Әбу Сәрсенбаев — қазақ ақыны, жазушысы.
- Болат Өтемұратов — қазақстандық кәсіпкер, миллиардер, саясаткер.
- Ғабдол Сланов — қазақ жазушысы.
- Ғани Қасымов — Қазақстан патриоттары партиясының төрағасы.
- Жұмекен Нәжімеденов — Қазақстан әнұраны мәтінінің авторы, көрнекті ақын.
- Зейнолла Қабдолов — Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері.
- Иманғали Тасмағамбетов — қазақстандық саясаткер.
- Темір Бекмамбетoв — кинорежиссер, клипмейкер, продюсер.
- Фариза Оңғарсынова — қазақ ақыны, жазушысы, журналист, Мәжілістің бұрынғы депутаты.
- Хамит Ерғалиев — қазақ ақыны.
- Хиуаз Доспанова — Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақтан шыққан жалғыз әйел-ұшқышы, жауынгер, батыр, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ ИНФОРМАЦИОННО - ПОЗНАВАТЕЛЬНЫЙ САЙТ ГОРОДА АТЫРАУ (орыс.). atyrau-city.kz. Атырау қаласының ресми сайты. Мұрағат көшірмесі 14 желтоқсанның 2007 Wayback Machine мұрағатында
- ↑ Қазақстан Республикасы халқының жынысы және жергілікті жердің типіне қарай саны (қаз.). stat.gov.kz. Ұлттық статистика бюросы (1 қаңтар 2023). Мұрағат көшірмесі 5 наурыздың 2023 Wayback Machine мұрағатында
- ↑ Рысбаев, Қ Қазақстан Республикасы халқының жекелеген этностары бойынша саны (2022 жыл басына) (қаз.). stat.gov.kz. Ұлттық статистика бюросы (27 сәуір 2022). Мұрағат көшірмесі 27 шілденің 2022 Wayback Machine мұрағатында
- ↑ Е.Қаженбаев Атырау облысының географиясы. — ISBN 9965-741-14-х.
- ↑ Атырау табиғаты және оны қорғау, №5-7667 0607-3 — Б. 13–15.
- ↑ Атырау жұрты ашаршылықтан аман алып қалған құмаршыққа арнап ескерткіш қойды (қаз.) (7 қараша 2019). Тексерілді, 29 мамыр 2024.
- ↑ Карта: Охраны природы Атырауской области
- ↑ Айдапкелді, Н. 2013 жыл басына саны. Ұлттық статистика бюросы (1 қаңтар 2014). Мұрағат көшірмесі 10 наурыздың 2014 Wayback Machine мұрағатында,Численность населения Республики Казахстан по отдельным этносам на начало 2019 года
- ↑ 2021 жылғы ұлттық халық санағының қорытындылары (қаз.). stat.gov.kz. Ұлттық статистика бюросы. Тексерілді, 29 мамыр 2024.
- ↑ Статистика комитеті (қаз.). stat.gov.kz. Ұлттық статистика бюросы. Мұрағат көшірмесі 10 сәуірдің 2020 Wayback Machine мұрағатында
- ↑ Division of Kazakhstan (ағыл.). pop-stat.mashke.org. Тексерілді, 29 наурыз 2016.
- ↑ Численность населения на начало года, регионы Республики Казахстан, 2000-2020 (орыс.). demoscope.ru. Тексерілді, 29 мамыр 2024.
- ↑ Егемен Қазақстан. 28 қараша 2018
- ↑ Облыстық ауыл шаруашылығы саласы (қаз.). atyrau.gov.kz. (қолжетпейтін сілтеме)
- ↑ Д.Жайлаубаева, Атырау облысында туризмді дамытудың маңыздылығы. "Географиялық білім беруді жетілдірудің кейбір өзекті мәселелері» Конференция материалдар жинағы. Атырау 2006, ISBN 9965-741-95-6
- ↑ Атырау облысы әкімдігінің 2010 жылғы 23 қарашадағы № 299 қаулысы
- ↑ Г.Ж.Нұрғалиева, М.С. Қуанов, Р.Ж.Әлжанова, Г.Қ.Баймұқашева, С.К.Касенов "ЖАҺАНДАНУ ЗАМАНЫНДАҒЫ ИННОВАЦИЯ МЕНЕДЖМЕНТІ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯ": V Халықаралық Ғылыми-практикалық конференцияның деректері 8–11 қаңтар = "INNOVATION MANAGEMENT AND TECHNOLOGY IN THE ERA OF GLOBALIZATION": Materials of the V International Scientific-Practical Conference January 8-11 — Шарм-эш-Шейх, 2018. — Б. 206.
- ↑ Атырау: Энциклопедия — Алматы: Атамұра, 2000. — Б. 84. — ISBN 5-7667-9129-1.
- ↑ 2018 жылғы есеп | Атырау облысы әкімдігінің ресми интернет ресурсы (қаз.). atyrau.gov.kz (18 қаңтар 2019). Мұрағат көшірмесі 14 сәуірдің 2020 Wayback Machine мұрағатында
- ↑ Басты бет ФК "АТЫРАУ" (қаз.). rfcatyrau.kz. «Атырау» футбол командасының ресми сайты. Тексерілді, 29 мамыр 2024.
- ↑ Официальный сайт баскетбольного клуба "Барсы Атырау" - Главная (орыс.). bcbarsy.kz. «Атырау Барыстары» баскетбол командасының ресми сайты. Тексерілді, 29 мамыр 2024.
- ↑ Атырауда халықаралық талапқа сай теннис орталығы ашылды (қаз.). 24.kz. Хабар 24 (17 желтоқсан 2016). Мұрағат көшірмесі 15 шілденің 2020 Wayback Machine мұрағатында
Сыртқы сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Атырау облысы әкімдігінің ресми сайты
- Атырау облысы Бриф зерттеу тобындаМұрағатталған 17 маусымның 2007 жылы. (орысша)
- Атырау облысының физикалық картасыМұрағатталған 4 наурыздың 2016 жылы. (орысша) (Рубрикон)
- Атырау облысыМұрағатталған 9 наурыздың 2017 жылы. (Ашық Тізімдеме Жобасы (ODP))
|