Геродот
Геродот | |
---|---|
Геродот бюсті | |
Дүниеге келгені: | Галикарнас, Кария, Кіші Азия |
Мансабы: | Тарихшы |
Геродот (гр. Ἡρόδοτος)– ежелгі дәуірдегі грек тарихшысы, «тарих атасы» деп танылған, әйгілі "Тарих" кітабының авторы, жиһанкез. Ол шамамен б.з.д. 484 – 425 жылдары өмір сүрген. Геродот Кіші Азиядағы Каликарнас қаласында дүниеге келіп, жас кезінде әміршілерге қарсы топта болғаны үшін елінен қуылған. Біраз уақыт Самос аралында өмір сүріп, үлкен аймақтарды аралаған, тіпті, Қара теңізге дейін жеткен деген мәлімет бар.[1]
Геродот көрген, естіген, оқыған материалдарын жинақтап, артына «Тарих» атты үлкен еңбек қалтырды. Кейіннен александриялық ғалымдар оның еңбегін тоғыз музаға сәйкестендіріп, тоғыз кітапқа бөлген. Геродот алғашқы төрт кітабында Лидия, Мидия мемлекеттері, Ахемен әулеті жөнінде жазып, олардың Мысырға, Вавилонға, сақтарға қарсы жорықтарына тоқталады. Қалған бес кітабы грек-парсы соғысына (біздің заманымыздан бұрынғы 500 – 449) арналған. Онда халықтардың тарихымен қатар этнографиясы, діні, әдебиеті, мемлекеттердің ішкі-сыртқы саясаты, экономикасы берілген. Шығарманың төртінші кітабында парсы патшасы Дарий Гистасптың сақтарға қарсы жорығы баяндалған. Онда сақтар елі жөнінде аса құнды мәліметтер ұшырасады. Қолжазбаларының ішінде бізге жеткен Флоренция нұсқасы ағылшын, орыс, т.б. тілдерге аударылған. Герадот сақтарды азиялық скифтер деп атаған.
Толығырақ
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Геродот өмір сүрген дәуірге дейін де авторлары «логографтар» деп аталған тарихи шығармалардың болғанына қарамастан ежелгілер «тарих атасы» деп атаған Геродот б.з.б. 484 жылы Кіші Азияның оңтүстігіндегі гректер колониясында орналасқан Кариямен шекаралас жатқан Галикарнас қаласында дәулетті ақсүйектер отбасында дүниеге келді. Барлық кішіазиялық гректер парсы билігінен босап шыққанда, Галикарнас тұрғындары да жат жерлік билеушілерден құтылғысы келеді. Бірақ, олардың көтерілісі жеңіліс табады да, қайтадан басып-жаншу кезінде Геродоттың ағасы, әйгілі эпик ақын Паниассий өлтіріледі. Өз отанының саяси өміріне жас кезінен-ақ белсенді түрде араласқан Геродот Галикарнастағы Лигдамида тиранды тақтан құлату жөніндегі сәтсіз әрекеттерінен кейін елден кетуге мәжбүр болды. Бірнеше жылдардан кейін Геродот еліне оралып, тағы да азаттық көтеріліске қатысады. Ол б.з.б. 454 жылы галикарнастықтардың жеңісімен аяқталады. Осыдан бастап, Галикарнас Афины қаласының сенімді серіктесіне айналып, сонымен бірге аттикалық одақты басқарушылардың бір мүшесі болады. Этникалық жағынан дорийлықтарға жататын бұл колония тілі мен мәдениеті жағынан йонийлық еді.
Геродот б.з.б. 40-жылдардан бастап Грекияның көптеген облыстарында, парсы патшалығында болып, ионий логографтары сияқты жатжерліктердің тарихы мен этнографиясын зерттеді. Кейінірек ол солтүстік Қара теңіз жағалауында, Египетте, Финикияда, Вавилонда және еуропалық Грекияның көптеген қауымдастықтарында болды. Ал оның екінші рухани отаны – Афины болды. Афиныда сол дәуірдің танымал қайраткерлері Периклмен және Софоклмен танысты. Дүниетанымы, өмірлік көзқарастары сәйкес келгендіктен, әсіресе Софоклмен жақсы қарым-қатынаста болды.[2]
Грек әлемінде қабылданған қағида бойынша әрбір адам туған жерінде ғана, яғни сол елдің азаматы болғанда ғана саясатпен айналысуға құқылы болатын. Геродот болса Самоста да, Афиныда да жатжерлік болып есептелді. Осы жағдайлар оның өмірлік ұстанымы саясат емес, тарих болуына әсер еткен болуы мүмкін. Б.з.б. 444 жылы оңтүстік Италияда барлық гректерге ортақ Фурия колониясы құрылғанда Геродот сол жақтан жер алып, азамат болу құқығына ие болды. Протогор Абдерский жаңа колония үшін бірқатар заңдар жазса, архитектор Гипподам Мипетский қаланың жоспарын сызды. Геродоттың осыдан кейінгі өмірі туралы мәлімет жоқтың қасы. Фурияда ол өзінің тарихи еңбегін аяқтаған болуы керек.
Бір қызығы оның «Тарих» еңбегі кейде «...Геродот Галикарнастан жинап, жазды...», ал кейде «Геродот Фуриядан жинап, жазды...» сөздерімен басталатын. Тарихшы өзін Фурия азаматы деп атау-атамауын көп ойланды. Тіпті оның өмірінің соңын Фурияда өткізді деп айту қиын. Белгілі бір мәліметтерге сүйенетін болсақ, ол кейін Афиныға оралды деген болжам бар, бірақ ол анық ақпарат емес. Бүкіл грек елінің қатысуымен болған, көп жылдарды қамтыған Афины мен Спартаның арасындағы Пелопоннес соғысы кезінде б.з.б. 425 жылы Геродот дүниеден өтті.[3]
Бақытына орай, Геродот Элладаның әлсіреп, Афинының құлап, Кіші Азияның Персияның қол астына қайта өткенін көрген жоқ. Тарихшы өмір сүрген кезде Грекия дәуірлеген мемлекет болды. Геродоттың еңбегі эллиндер рухының көтерілуіне күш берерлік әнұран болды. Бірақ тарихшы еңбегі шығарма аяқталмай қалды, дүниеден өткеннен кейін сол аяқталмаған күйінде жарық көрді.[4]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Балалар энциклопедиясы, III-том
- ↑ Античная литература. Под ред. проф. А.А.Тахо-Годи. Мәскеу, 1973
- ↑ Тронский И.М. История античной литературы. Мәскеу, Высшая школа, 1983
- ↑ Тоқшылықова Г.Б. Антика әдебиетінің тарихы. Алматы, 2011.
- Айбын Энциклопедиясы
- Балалар энциклопедиясы