Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы 1998 жылы 24 наурызда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің екі ғылыми-зерттеу институты – Гигиена және кәсіби аурулар ғылыми-зерттеу институты мен Эпидемиология, микробиология және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институтының бірігуі негізінде құрылды.

Эпидемиология, микробиология және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институты 1925 жылы Санитарлық-бактериология институт болып құрылып, Қазақстан медицинасы саласындағы тұңғыш ғылыми-зерттеу мекемесі болды. Соғысқа дейінгі кезеңде институт шешек ауруына қарсы дәрі егуші мамандар даярлап, пастерлік станциялар ұйымдастыруда, шешек детриті, дифтерия мен стрептококке вакцина өндірісін ұйымдастырды. Іш сүзегі вакциналары, тырысқақ, антирабийлік вакциналар, БЦЖ мен қызылшаға қарсы вакциналар өндірісі игерілді. Қазақстандағы вирусология мен вирустық жұқпалы аурулар мәселесі зерттелді. Әсіресе, тыныс жолдары аурулары тобы бойынша ауқымды зерттеулер жүргізілді, оның ішінде басты назар тұмауды зерттеуге аударылды. Вирустардың молек. биологиясы жөнінен қомақты жұмыс атқарылды. Қазақстандағы А және В сары ауруларының негізгі эпидемиология заңдылықтары, аурудың жиі жұғу механизмдері мен тарау факторлары зерттеліп, алдын-алу шаралары жетілдірілді. Кене энцефалитінің табиғи ошақтарын зерттеу аяқталды. Вирустық жұқпалы аурулар иммунологиясы мен иммунитеттік интерферон, сондай-ақ тері аурулары бойынша жүргізілген зерттеулердің теориялық маңызы мен тәжірибелік мәні зор. Аллергология мен иммунология мәселелері бойынша Қазақстандағы аллергиялық аурулардың нозологиялық формалары таралуы мен этиологиясы анықталды. Барлық облыс орталықтарында, бірқатар ірі қалаларда мамандандырылған аллергокабинеттер мен аллергоорталықтар құрылды. Теориялықзерттеулерде жұқпалы аллергология мәселесіне баса назар аударылады. Гигиена және кәсіби аурулар ылыми-зерттеу институты 1944 жылы Тропикалық аурулар институты болып құрылған. Көп ұзамай, ол Қазақстан ғылым академиясының Өлкелік патология институтына айналды, ал өзінің соңғы атына 1989 жылы ие болды. Алғашында институт безгек, т.б. трансмиссивті жұқпалы аурулар, сондай-ақ ішек аурулары мен бруцеллез мәселелерімен айналысқан. 1947–1951 жылы еңбек гигиенасы мен кәсіби патология, эксперименттік патология, паразитология бойынша зерттеу жұмыстары басталды. Институт ғалымдарының 1956–1958 жылы ядролық қару сыналғаннан кейін іле-шала Семей ядролық сынақ алаңы маңындағы халықтың денсаулық жағдайын шұғыл анықтап білу мақсатымен атқарылған бірегей жұмыстарының сәуле ауруын зерттеудегі маңызы орасан зор болды. Қазіргі уақытта орталықтың ғылыми-өндірістік қызметі республика халқы өмірінің реформа кезеңіндегі экономикалық, әлеуметтік және экологиялық жағдайларына қатысты эпидемиолог бақылау жүйесін жетілдіруге, инструментальдық-әдістемелік базаны жақсарту негізінде микробиологиялық, вирусологиялық және иммундық-биол. зерттеулерді дамытуға, жұқпалы ауруларды лабораториялық анықтаудың жаңа әдістері мен олардың алдын-алу шараларын игеруге, сондай-ақ ауруларды анықтау мен жұқпалы аурулар қоздырғыштарын индикациялауға арналған тест-жүйелер мен бактериялық орталар өндірісін ұйымдастыруға бағытталған. Институтта 22 ғылыми доктор мен 37 ғылыми кандидат қызмет етеді, эпидемиология, аллергология және иммунология, гигиена және эндокринология мамандықтары бойынша дисс. кеңес жұмыс істейді. «Гигиена, эпидемиология және иммунобиология» журналы шығарылады.

Гигиена және эпидемиология ғылыми-зерттеу орталығы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау агенттігіне қарайды. Гигиена және кәсіби аурулар ғылыми-зерттеу институты мен Эпидемиология, микробиология және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институтының бірігуінен құрылған (1998жылы). Эпидемиология, микробиология және жұқпалы аурулар институты 1925 жылы бактериология лаборатория негізінде Қызылорда қаласыннда құрылған, 1927 жылы Алматыға көшірілді. Негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыттары: ішектің, жұқпалы бала ауруларының, сондай-ақ вирустік, паразиттік және табиғи ошағы бар аурулардың (мыс., гепатиттің А және В формаларының, іш сүзегінің, кене энцефалитінің, т.б.) эпидемиологиясын зерттеу, олардан сақтану, анықтау және емдеу жолдарын іздестіру; жұқпалы және аллергиялық аурулардың белгілерін зерттеу, оларды анықтау, емдеудің жаңа әдістерін табу. Институттың аллергол., иммундық және эритроциттік диагностикумдарын дайындау, адам мен жануарлар тініне егілген бактериялар мен вирустарды зерттеу, вирустық аурулар мен иммундық интерферон, сондай-ақ қызылша ауруларына қарсы күресу мәселелері жөніндегі зерттеулері шет елдерде кеңінен танылды. Гигиена және кәсіби аурулар институты 1944 жылы КСРО ғылым академиясының Қазақ бөлімшесінің Тропиктік аурулар институты болып құрылған. 1963 жылы Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институты (бұдан 1974 жылы Тағамтану институты бөлініп шықты), ал 1989 жылдан осы атымен аталды. Институттың негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыттары: еңбек гигиенасы, еңбек физиологиясы және кәсіптік патология, эндокриндік аурулар, айналадағы ортаны қорғау. Институт ғалымдары дерматикоз, сарып ауруларының патоморфологиясын, эпидемиологиясын, табиғи ошақтылығын, патогенезін, белгілерін, емдеу, сақтану жолдарын, жұқпалы және жұқпайтын ауруларға тән аллергия мәселелерін, поллиноздардың өлкелік ерекшеліктерін зерттеді; республикада аллергол. қызмет жүйесін құрды, тамақ өнімдерін тұтыну нормаларын ұсынды, базед ауруының (эндемиялық бұғақ) республикада таралуы жөнінде мед.-геогр. карталар жасап, қоршаған ортадағы және тағам құрамындағы пестицидтерді, кен орындарындағы силикоз қаупін анықтады, осы мәселелерге арналған 25 жыл бойы жүргізілген зерттеулер нәтижесі қорытылды; түсті металлургия және фосфор өнеркәсібі кәсіпорындарына арналған санитарлық ережелер бекітілді; бірінші рет титан пневмокониозы сипатталып, оны ғыл. тұрғыдан жіктеді; биосфера құрамындағы ауыр металдар (мыс., қорғасын) мөлшерін анықтауға арналған спектрохим. анализатор ұсынылды. Г. және эпидемиол. ғылыми-зерттеу орт-нда акад. Н.Беклемишев, Б.Атшабаров, Х.Жұматов, Қазақстан ғылым академиясының корр. мүшесі И.Қарақұлов, мед. ғыл. докт. В.А.Козловский, Р.Қадырова жұмыс істеген.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ Энциклопедиясы