Эпидемиология

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Эпидемиология (грек.ἐπιδημία - халық, λόγος – ілім) – жұқпалы аурулардың пайда болуы мен таралу заңдылықтарын анықтап, алдын алу және олармен күрес шараларын ұсынатын ғылым. Бұл популяция ғылымы әр адамнан алынған мәліметтерді жинақтайды, себеп-салдарлық байланыстарды анықтаумен айналысады және аурулардың қауіп факторлары немесе емдеудің тиімділігі туралы қорытынды жасайды. Бұл адамдардың өмір сүру сапасы мен ұзақтығын жақсартудың бір құралы.

Эпидемиология екі тараудан тұрады: 1) жалпы эпидемиология – жұқпалы аурулардың заңдылықтары мен олармен күресу, жою және олардың алдын алудағы теорияның, әдістемелік және ұйымдастыру негіздері туралы білімнің жиынтығын қамтиды, өзара байланысқан төрт тараудан тұрады:

  • Бірінші тарау - эпидемиялық процесс жайлы ілім.
  • Екінші тарау - эпидемиологиялық диагностика.
  • Үшінші тарау - эпидемияға қарсы шаралар жүйесі, мұнда эпидемиялық процеске әсер ететін құралдардың жиынтығы және оларды пайдалану әдістері қаралады.
  • Төртінші тарау - эпидемияға қарсы шараларды ұйымдастыру (инфекциялық аурулар профилактикасы, эпидемияға қарсы қызмет көрсетуді ұйымдастыру).

2) жеке эпидемиология – белгілі бір жұқпалы ауруға тән ерекшеліктерді жан-жақты зерттейді.

Эпидемиология 2 бөлімнен тұрады: эпидемиология жалпы медициналық ғылым ретінде және инфекциялық аурулар эпидемиологиясы.  Эпидемиология жалпы медициналық ғылым ретінде  - тұрғындарда сырқаттанушылықтың қалыптасу себептерін, жағдайларын және даму заңдылықтарын зерттейді, ол бұл аурулардың профилактикасы әдістерін құрастыру мақсатында оның белгілі бір аймақта, уақыт аралығында және тұрғындардың әр түрлі топтары арасында таралуына талдау жасау жолымен жүргізіледі. Инфекциялық аурулар эпидемиологиясы бұл инфекциялық аурулардың алдын-алуға және жекелеген инфекциялық ошақтарды жоюға бағытталған, эпидемияға қарсы шараларды құрастыру мақсатында эпидемиялық процестің заңдылықтарын зерттейтін ғылым.

Эпидемиологияның өзінше жеке пән болып қалыптасуының себептері:

1. Әрбір жұқпалы аурудың өзіндік қоздырғышының болуы. Қоздырғыш пен макроорганизмнің өзара әрекеттестігі белгілі бір табиғи-әлеуметтік жағдайда эпидемиялық процесті құрайды. Сондықтан «эпидемиялық процесс» эпидемиологияның зерттеу объектісі болып саналады, ал «инфекциялық процесс» - инфектология ғылымының зерттеу объектісі.

2. Әр жұқпалы аурудың тек өзіне тән қоздырғышы, клиникалық белгілері бар. Көптеген жұқпалы ауруларды емдеу, алдын алу шаралары қоздырғыштың ерекшеліктерін зерттеу арқылы анықталады.

3. Микроорганизмнің паразиттілік феномені. Мұнда бірі (паразит) екіншісін (иені)  өсіп өну үшін пайдаланады, сонда мекендейді, яғни инфекциялық процесс пайда болады. Мұнда паразит - залал келтіруші, ал иесі - қорғаныштық қызмет атқарады.

4. Патогендік қасиеті.

Эпидемиология микробиология, гигиена, паразитология, иммунология, жұқпалы аурулар клиникасы, т.б. жаратылыстану ғылымдарымен тығыз байланысты. Жұқпалы ауруларға күрес шаралары тәжірибелерінің қорытындысы ретінде Эпидемиология көне заманнан бері белгілі. Мыс., б.з.б. 1000 ж. Қытайда шешек ауруларына қарсы егу әдісі қолданылған, Үндістанда індетке қарсы санитарлық заң болған. Қазақ жерінде ғұлама ғалым, емші Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шешек ауруларына қарсы вакцина егуді осыдан 500 жыл бұрын пайдаланған. Ал Шығыс Азия елдерінде алапес ауруларының жұқпалы екенін біліп, ондай науқастарды оқшаулап, арнайы “алапес үйіне” қамаған. Ертедегі Римде өлікті қала ішіне жерлеуге рұқсат етілмеген. Жұқпалы ауруларды тірі қоздырғыштар тудыратыны туралы алғаш рет Гиппократтың еңбектерінде айтылған. Қайта өркендеу дәуірінде жұқпалы аурулар туралы ғыл. негіз қалыптаса бастады. Осы кезде Эпидемиологияның дамуына үлкен үлес қосқан италиялық ғалым Дж. Фракастро (1478 – 1553) болды. Ол ауру тарататын микроорганизмдерді зерттеді. Ағылшын дәрігері Т.Сиденхем (1624 – 89) скарлатина, хорея, подагра, т.б. жұқпалы ауруларына алғаш ғылыми сипаттама берді. Оны “ағылшын Гиппократы” деп атайды. 18 ғ-да орыс дәрігері Д.С. Самойлович (Сущинский) (1744 – 1805) оба індетімен күресу тәжірибесі негізінде Ресейде Эпидемиологияның негізін салды. 19 ғ-дың 2-жартысында микробиологияда ашылған жаңалықтарға байланысты белгілі ғалымдар Л.Пастер, Р.Кох, И.И. Мечников, Д.И. Ивановский, Н.А. Семашко, А.Н. Сысин, К.И. Скрябин, Д.К. Заболотныйдың, т.б. еңбектерінің нәтижесінде көптеген індеттердің микробтары табылды. Қазақстанда 1925 ж. Қызылорда бактериол. лаб. ашылды. 1940 ж. осы лаб-ның негізінде Алматы қаласында Эпидемиология және микробиология ғыл.-зерт. ин-ты (қазіргі Гигиена және эпидемиология ғылыми-зерттеу орталығы) ашылып, республикада Э Эпидемиология саласындағы зерттеулер қолға алынды. Сондай-ақ Эпидемиология мәселелерімен Қазақ карантиндік және зооноздық инфекциялар ғылыми орталығы, республикадағы мед. ун-ттер мен академиялардың кафедралары сан.-эпидемиол. ст-салар шұғылданады. Жедел өтетін ішек індеттері зерттеліп, оларға, т.б. жұқпалы ауруларға (шешек, күл, скарлатина) қарсы бактериялық препараттар шығарыла бастады, дизентерияның себептері мен эпидемиол. ерекшеліктері анықталды. Эпидемиология саласында көрнекті ғалымдар Х.Ж. Жұматов, И.Қарағұлов, Н.Д. Беклемишов, М.А. Айқымбаев, І.А. Макиров, Н.И. Киреев, Е.Х. Шұратов, Н.Ж. Жайықбаев, т.б. көп еңбек сіңірді. С. Әміреев, І. Құдайбергенұлы[1][2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, X том
  2. О.Д.Дайырбеков, Б.Е.Алтынбеков, Б.К.Торғауытов, У.И.Кенесариев, Т.С.Хайдарова Аурудың алдын алу және сақтандыру бойынша орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Шымкент. “Ғасыр-Ш”, 2005 жыл. ISBN 9965-752-06-0