Жұтқыншақ

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
A.
Жұтқыншақ.
ӨкпеҚабырғаМұрын қуысыТанауАуыз қуысыЖұтқыншақКөмейКеңірдекБронхыБронхиолаДиафрагма
Дем алу жүйесі

Жұтқыншақ (pharynx) – бір жағынан мұрын мен ауыз қуысы, екінші жағынан өңеш пен көмейдің арасындағы байланыстырушы мүше. Адамда Жұтқыншақ ас қорыту және тыныс алу процесіне қатысады. Жұту кезінде ас жентегі ауыз қуысынан аңқа арқылы Жұтқыншаққа, одан өңешке өтеді. Ал ауа мұрын немесе ауыз қуыстарынан Жұтқыншаққа, одан көмейге кетеді. Адамда Жұтқыншақ омыртқа бағанасының мойындық бөлігінің алдында – бассүйектің астыңғы жағынан, 6 – 7 мойын омыртқалары аралығында орналасып, одан төмен өңешке жалғасады. Оның ұзындығы 12 – 14 сантиметр, ені 5 сантиметрдей. Қабырғасы шырышты, ал шырыш асты негізгі, бұлшықетті, дәнекер тінді қабықтардан түзілген. Жұтқыншақтың мұрындық, ауыздық және көмейлік бөліктері болады. Жұту кезінде Жұтқыншақтың мұрындық бөлігі жұмсақ таңдай арқылы ауыздық бөліктен бөлінеді, көмей қақпашығы көмейді жабады да, ас жентегі мұрын мен көмейге өтпей өңешке бағытталады. Ас ішкен уақытта, асты жұтпай тұрып, не шайыр шайнау кезінде қатты сөйлеу (күлу, тағы да басқа) өте қауіпті, себебі, ауа ағынымен бірге ас жентектері көмейге өтіп кетіп, оны бітеп қалуы ықтимал. Бұл жағдай адам өліміне әкеліп соқтыруы да мүмкін. Жұтқыншақтың жоғарғы күмбезінің және артқы қабырғаларының шекарасында Жұтқыншақ бадамшасы (аденоид – балаларда жақсы дамыған) орналасқан. Мұрындық бөліктің екі бүйір қабырғаларында – есту түтігінің Жұтқыншақтық тесігі орналасқан. Есту түтігі Жұтқыншақты ортаңғы құлақ қуысымен жалғастырып, ондағы ауа қысымын сыртқы ауа қысымымен теңестіру қызметін атқарады. Есту түтігінің айналасындағы шырышты қабықта лимфоидты тіннің жиынтығы – түтік бадамшасы болады. Төменгі сатыдағы хордалыларда Жұтқыншақтың төменгі жағында сумен келген қорегін сүзіп алатын аппараты – эндостилі болады. Жұтқыншақ омыртқалы жануарларда көлденең жолақты бұлшық еттен тұрады. Барлық құрлық жануарларының ұрықтық дамуы кезінде Жұтқыншақта желбезек қапшықтары пайда болады. Мұның соңғы жұбынан өкпе дамиды. Жұтқыншаққа жалғас өңеш, көмей және евстахий түтігі, ал сүтқоректілерде таңдай пайда болғандықтан, бұған қоса ішкі танау, ал қосмекенділерде, бауырымен жорғалаушыларда және құстарда ішкі танау тесігі ауыз қуысына ашылады. Жан-жағынан таңдай доғаларымен жалғасып, ішінде бадамшалар орналасқан ауыз қуысының Жұтқыншақпен жалғасқан жерін сүтқоректілерде аңқа (іsthmus faucіum) деп атайды. Омыртқасыз жануарларда Жұтқыншақ – алдыңғы ішектің жекеленген бұлшық етті бөлігі.

Түтік пішінді қуыс, бұлшықетті мүше, көлденең-жолақты бұлшықет ұлпасынан тұрады. Жұтқыншақ мойын омыртқалаларының алдыңғы жағында орналасады. Ересек адамдарда оның ұзындығы шамамен 11-13 см. Жұтқыншақтың төменгі бөлігі әрі өңешпен әрі көмекеймен байланысады. Жұтылған тамақ жұтқыншақ арқылы өңешке түседі. Тыныс алғанда ауа жұтқыншақтан көмекейге түседі. Жұтқыншақ арқылы тамақ та, ауа да өтеді. Сондықтан ол асқорытуға да, әрі тыныс алу мүшелер жүйесіне жатады. Жұтқыншақ екі бүйіріндегі тесктер арқылы ортаңғы құлақ қуысымен байланысады. Жұтқыншақтың ауыз қуысына жалғасқан жерінде бозғылт-қызыл түсті 6 бадамша бездер орналасқан. Олар ірі лимфа түйіндерінен түзіліп, қорғаныштық қызмет атқарады. Бадамшаларының ішкі лейкоциттерге толы болады. Олар тағам немесе ауамен түскен микробтарды жояды. Егер бадамшалар қабынса, қызмет дереу бұзылады. Бадамшалар лимфа жүйесіне жатады.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Биология 8 сынып

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

[1] [2] [3]

  1. Қазақ энциклопедиясы
  2. Анатомия человека, под ред. акад. Сапина М.Р., 2 т., М., 1993
  3. А.Р., Адам анатомиясы, 1 т., А., 1994. Б. Шәкенов