Кантата

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Кантата (итальянша cantata, латынша canto – ән айту, ән салу) – жеке әншілер мен хор, оркестр үшін лирика-эпикалық, салтанатты мазмұнда жазылған тұтас мазмұнды ірі вокалдық-симфониялық шығарма.

Кантата тек хорға ғана немесе оркестрге қосылып орындайтын жеке әншілерге де арналып жазылады. Әдетте ол оркестрлік эпизодтар, ариялар, речитативтер арқылы баяндалады. Шығарманың құрылысы және орындаушылар құрамы жағынан Кантата оратория жанрымен ұласады. Кантатаның ораторияға қарағанда лирикалық жағы басым келеді. Кантата 17 ғасырда Италияда лирикалық ән салу түрінде пайда болды. Ол кейін шағын камералық операға (композиторлар Дж.Кариссими, А.Страделла, А.Скарлатти, т.б.) ұласты. Камералық Кантатамен қатар хор Кантатасы және діни (шіркеулік) Кантаталар өріс алды. Діни және сарай Кантатасының үздік үлгісін композитор И.С. Йоганн Себастиан Бах шығарды. Ресейде алғашқы Кантата 18 ғасырда жарық көрді. Оның классикалық түрін 19 – 20 ғасырларда П.И. Чайковский (“Мәскеу”), Н.А. Римский-Корсаков (“Гомерден” атты премодия-кантатасы),С.И. Танеев (“Иоанн Дамаскин”), С.В. Рахманинов (“Көктем”) жазды. Батыс пен орыс музыкасында той-думанға арналған Кантаталар (Ф.Мендельсон-Бартольдидің “Мерекелік әні”) кеңінен дамыды. Кантата жанры Қазақстан композиторлары шығармадан да кең орын алды. Оның идеялық мазмұны тереңдеп, музыкалық бейнелерінің нақыш-бояулары байи түсті.

1947 жылыЕ.Г. Брусиловскийдің “Советтік Қазақстан” атты тұңғыш Кантатасы жарық көрді. Бұдан кейін бұл жанрда Қ.Мусин (“Тың жер туралы кантата”), Е.Рахмадиев (“Айастан”), С.Мұхамеджанов (“Отаным менің”, “Жыл мезгілі”, “Салтанатты кантата”), Б.С. Жұманиязов (“Жер”, “Отан салтанаты”, “Достық”), Ғ.А. Жұбанова (“Мұхтар Әуезов туралы аңыз”), Н.Меңдіғалиев (“Дала комиссары”), М.Сағатов(“Ақын әні кантатасы”, “Мереке кантатасы”, “Достық отаны”), Т.Ш. Қажығалиев (“Ұлы достық”), т.б. елеулі еңбек етті.[1]

Дереккөздер:

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том