Непалдықтар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Непалдықтар
непали, кхастар, парбатия (таулық), гуркхтар
Ең көп таралған аймақтар

 Непал  Үндістан

Тілдері

непал тілі

Діні

индуизм

Непалдықтар, непали (өз атаулары – кхастар, парбатия (таулық), гуркхтар) – Непалдың негізгі халқы.[1][2] Непалдағы жалпы саны 11,5 млн-дай. Үндістанда да тұрады (2 млн.). Үлкен еуропоид нәсілінің оңтүстік тармағының әр түрлі типіне жатады.

Үндіеуропалық тіл шоғырының үнді-арий тобына жататын, бірнеше диалектіге бөлінетін непали (найпали, кхас-кура, горкхали, парбатия) тілінде сөйлейді.[3] Ішінара ағылшын тілі де тараған. Жазуы деванагари негізінде.

Негізінен индустер, 1 миллионға жуық адам мұсылмандар, сонымен қатар буддистер, христиандар, т.б. бар.[4]

Непалдықтардың арғы ата-бабалары – кхастар жөніндегі жазбалар б.з.б. 1-мыңжылдықтағы үнділік деректерде кездеседі. XIII—XIV ғасырларда кхастардың магар, гурунг, т.б. тайпалармен араласуы нәтижесінде жаңа этнос гуркхтар қалыптасқан. XVII ғасырдың екінші жартысында Гуркх конфедерациясының Непалды біріктіруімен непал этносы қалыптасты. 20 ғасырдың ортасынан бастап ұлттық консолидация процестері күшейе түсті.[5]

Негізгі кәсіптері – суармалы егіншілік. Имек жүзді, жалпақ, ауыр пышақ – кхукри ауыл шаруашылығы құралымен қатар қару ретінде де қолданылады. Буйвол, зебу, ешкі, үй құстарын өсіреді. Тоқымашылық, қыш құмыра жасау, ұсталық, зергерлік қолөнері дамыған.[6]

Өмір салты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Непалдықтарда касталық ерекшеліктер мен тыйым салулар қатаң сақталады. Кастааралық алмасу жүйесі бар (джаджмани). Жоғары касталар экзогамдық патрилинейлік топтарға бөлінеді. Отбасылары үлкен, патриархалдық. Байларда көп әйел алу бар. Непалда ұрлық жоқ, бірақ қараусыз қалған заттар иесіз болып саналады, сондықтан жергілікті тұрғындар оларды қаймықпастан иемденеді. Елдегі қоғамдық орындарда сүйісу және құшақтауға тиым салынған.

Ер адамдардың ұлттық киімдері – тік жағалы жейде (даура), өкшеге қарай тарыла түсетін шалбар (сурувал), ұзын белбеу (патука), кеудеше, еуропалық үлгідегі пиджак. Әйелдер көптеген әшекей бұйымдар (сырғалар, металл мен шыныдан жасалған білезіктер, сақиналар, алқа, моншақтар) тағады. Қаладағы әйелдердің көпшілігі сари киеді.

Дәстүрлі тағамдары – өткір дәмді шардәрілер мен көкөніс қосып пісірілген күріш, бидай, жүгері ұнынан пісірілген жұқа нан, бұршақ, сиыр, буйвол сүтінен жасалған тағамдар (гхиу, дахи, т.б.), жемістер. Етті мереке күндері мен құрбандық шалу кезінде ғана жейді.[6]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Современная энциклопедия НЕПАЛЬЦЫ https://rus-modern-enc.slovaronline.com/7635-%D0%9D%D0%95%D0%9F%D0%90%D0%9B%D0%AC%D0%A6%D0%AB
  2. Непальцы (народ) https://dic.academic.ru/dic.nsf/ruwiki/1575607
  3. Непальцы https://gufo.me/dict/bse/%D0%9D%D0%B5%D0%BF%D0%B0%D0%BB%D1%8C%D1%86%D1%8B
  4. Большая российская энциклопедия https://bigenc.ru/ethnology/text/2261231 Мұрағатталған 17 қазанның 2022 жылы.
  5. Қазақ Энциклопедиясы, 7 том 2 бөлім
  6. a b народы мира / Непальцы http://www.etnolog.ru/people.php?id=NEPA