Тәжіктер

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
18:32, 2012 ж. қыркүйектің 8 кезіндегі JYBot (талқылау | үлесі) жасаған нұсқа (r2.7.1) (Боттың түзеткені: pt:Tadjiques)
Навигацияға өту Іздеуге өту

ТӘЖІКТЕР

Тәжіктер (өздерінше атауы – тоджик) – ұлт, Тәжікстан республикасының байырғы халқы. Тәжіктердің жалпы саны – 10,2 миллион адам (2002). Оның 3,5 миллион Тәжікстанда, 1,2 Өзбекстанда, 5,3 миллионы Ауғанстанда, қалғандары Қазақстанда, Түрікменстанда, Ресейде, Иранда тұрады. Тәжік тілінде сөйлейді. Тәжіктердің басым көпшілігі ислам дінінің сүннит тармағын ұстанады. Аздаған бөлігі шииттер. Антропологиялық жағынан Тәжіктер еуропоидтық нәсілдің памир-ферғаналық тобына жатады. Кішінара моңғолтектілер де кездеседі. Тәжіктердің халық болып қалыптасуы біздің заманымыздан бұрын 1-мыңжылдықтан басталған (қаласы Соғды). Олар көне Бактрия, Соғды және Ферғана жазығын мекендеп, егіншілікпен айналысқан халықтардан (бактриялықтар, соғдылар, паркандар) және көшпелі сақтардан қалыптасқан. 6 ғасырда Түрік қағандығының құрылуына байланысты түріктің этникалық ықпалы күшейе бастады. 8 ғасырда араб жаугершілігі кезінде Орта Азияда Тәжіктердің үш этникалық тобы болды: солтустігінде соғдылар, орталығында ферғаналықтар, оңтүстігінде тохарлар. Басқыншыларға қарсы күрес халықтың бір этникалық топқа топтасуына ықпал етті. 9 – 10 ғасырларда Самани әулеті мемлекетінің құрылуымен тәжік халқының қалыптасуы аяқталды. 10 ғасырдың аяқ кезінде түркі тайпаларының, ішінара моңғол тайпаларының көшіп келіп қоныстануы отырықшы Тәжіктердің түркілену барысын тездетті. Бұдан кейін де түркі тайпаларының толассыз көшіп келуі жазықтағы Тәжіктердің ғасырлар бойы түркіленуіне әсер етті. Таудағы және қалалы жерлердің түркіленуі баяу жүрді. Тәжіктер ерте заманнан суармалы егіншілікпен, бау-бақша өсірумен айналысып келген. Мал шаруашылығы қосалқы рөл атқарды. Қолөнері дамыған, әсіресе, ағаштан, алебастрдан (ақ гипстен) ою-өрнек, түрлі бұйым, мүсін, сәндік заттарын жасау дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген. [1]

Тағы көр

Тәжік халқының этногенезі

Сілтемелер

  1. Қазақ Энциклопедиясы, 8-том