Клайв Стайплс Луис
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Клайв Стейплс Луис | |
Лақап аты |
Клайв Хәмілтін, Н.У. Клерк |
---|---|
Туған күні | |
Туған жері | |
Қайтыс болған күні | |
Қайтыс болған жері |
Оксфорд, Англия |
Мансабы |
Жазушы, ғалым, хабар таратушы |
Шығармашылық жылдары |
1919—1963 |
Жанры |
Христиандық апологетика, фэнтези, ғылыми фантастика, балалар әдебиеті |
Шығармалардың тілі |
Клайв Стейплс Луис (ағылш. Clive Staples Lewis; 1898 жылғы 29 қараша, Британ империясы, Солтүстік Ирландия, Белфаст — 1963 жылғы 22 қараша, Англия, Оксфорд) — британ жазушысы, ақын, филолог және теолог. Ирландық. Фэнтези жанрындағы шығармалар жазып, сонысымен көпке танылған. Бізге мәлімі: The Chronicals of Narnia, The Screwtape Letters, The Space Trilogy, нон фикшн жанрындағы Christian apologetics, сонымен қатар Mere Christianity, Miracles, The Problem of Pain деген шығармалары. Осы шығармалар арасында әзірше «Нарния шежіресі» еңбегі ғана қазақшаланған.
«Сақиналар әміршісін» жазған Ж.Р.Р. Толкин екеуі ажырамас дос болған. Екеуі де Оксфордта жұмыс істеген, «Инклинктер» деген әдеби топтың белсенді мүшесі болған. Луис дүниеге келгенде Ирландиядағы ағылшын шіркеуінде шоқындырылған, алайда жасөспірім шағында дінге деген қызығушылығы жоғалады. Досы Толкиннің көмегімен 32 жасында ағылшын шіркеуінің табалдырығын қайта аттайды. Сенімі әдеби шығармасына да ықпал етпей қоймайды, ал Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жүргізген радиобағдарламасы Луистің көпке танылуына, дүйім жұрт мойындауына себеп болды.
1956 жылы ол америкалық жазушы Жой Давидменге үйленеді. Жой төрт жылдан соң, қырық беске қараған шағында жаман аурудан көз жұмады. Бүйрек жеткіліксіздігі дертіне шалдыққан Луис алпыс беске қараған шағында, нақтырақ айтсақ, туған күніне бір апта қалғанда 1965 жылғы 22 қарашада қайтыс болады. Луис пен Луистің жолдасы, британ жазушысы Олдос Хаксли екеуі АҚШ президенті Жон Кеннедиге қастандық жасалған күні дүниеден өткендіктен, БАҚ бұл екі жазушының өлімін елеусіз қалдырған. 2013 жылы өлгеніне елу жыл толғанда Вестминстер аббаттығындағы Шайырлар бұрышына естелік тақта орнатылған.
Луистің еңбектері отыздан аса тілге аударылған, миллиондаған дана болып сатылған. «Нарния шежіресі» сериясы басқа кітаптарына қарағанда танымал, соның желісімен бірнеше фильм түсірілген.
Бала кезі, бозбала шағы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Клайв Стейплз Луис 1898 жылғы 29 қарашада Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласынжа дүниеге келген. Әкесі Алберт Жеймс Луис (1863-1929) адвокат болған. Ал атасы Ричард он тоғызыншы ғасырдың ортасында Уелстен Ирландияға қоныс аударған. Луистің шешесі, Ирландиядағы ағылшын шіркеуінің дін қызметкерінің қызы Флоренция Августа Луисті (тұрмыс құрмай тұрғандағы тегі: Хамилтон) жұрттың бәрі Флора дейтін. Жазушының Уоррен Хамилтон Луис деген ағасы тарихшы болған. Британ әскерінде қызмет еткен.
Клайв Луис жетіге толғанда «Little Lea»-ге — Шығыс Белфастағы Стрендтаундағы үлкен үйге көшіп барады.
Луис бала күнінен адамша сөйлей, ойлай алатын жануарлар туралы хикаялар құрастырғанды жаны сүйетін. Беатрис Поттердің жазғандарын оқығанды ұнатқан, содан шабыт алған ол өзі ойдан хикая құрап, суретін салады екен. Ағасы Уорни екеуі жануарлар мекен еткен Boxen деген өзге әлем құрып алады. Луис кітап оқығанды жаны сүйетін. Әкесінің үйінде кітаптан көп нәрсе болмайтын, сондықтан не оқимын деп қиналған, кітапқа кенде болған емес.
Луис алғаш сабағын жеке мұғалімнен алған. 1908 жылы шешесі жаман аурудан көз жұмған соң оны Хартфордшир аумағындағы Уотфордтегі Винярд мектебіне жібереді. Ол кезде бұл мектепте үш жыл бұрын түскен ағасы оқып жатқан болатын. Кейін бала саны жетпегендіктен мектепті жауып тастаса керек, мектеп жабылған соң директоры Роберт «қария» Капрон жындыханаға түседі. Соңыра Луис Белфастың шығысындағы Кампбел коллежіне қатынап оқиды. Үйі мен коллеж арасы бір шақырымдай болатын, бірнеше айдан соң демікпесі ұстап қала берген соң, онда баруды да қояды. Сөйтіп, оны Вустерширдің Молвернесіндегі курорт қаласына жібереді. Бұл жақта Шербугтер үйіндегі дайындық мектебіне барады. Бұл жайында Луис автобиографиясында да жазып, мектепті Шартр деп атайды. Дәл осы кезде ол Құдайға деген сенімін жоғалтып, атеист болған, мифология мен оккультизмге қызыға бастаған. 1913 жылы Луис Молверндегі коллежге түседі, бұл жақта 1914 жылдың жазына дейін болады. Молверннен кеткен соң Лурган коллежінің бұрынғы директоры, әкесіне де репетитор болған Уилям Т. Киркпатриктен дәріс алады. Бала, бозбала шағынан аңыз әңгіме тыңдағанды ұнатып, солардың сырын ұғуға тырысқан. 1916 жылы Оксфорт университеті маңындағы коллежде оқуға шәкіртақы алады.
Бірінші дүниежүзілік соғыс
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Оксфордтағы оқуы басталған соң бірнеше айдан кейін ол кіші офицер ретінде британ әскері қатарына алынады. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысу үшін Францияға аттанады. Екінші лейтенант ретінде британ әскері жаяу әскер батальоны құрамында қызмет етеді. 1918 жылғы 15 сәуірде жараланады, екі жолдасы өледі. Өз жақтастары атқан зеңбірек оғының ұшқыны тиеді. Сол оқтың екі ұшқыны отыз жылдай кеудесінде жүрген, 1944 жылғы тамыз айында ғана алады. Емделіп жүргенде күйзеліске түсіп, сағыныштан сарғаяды. Сауыққан соң Англияның Андовер деген жеріне әскери міндетін атқаруға кетеді. Соғыста көрген-білгені атеизмге деген көзқарасын нығайта түседі.
Оқуын жалғастырғаны
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1918 жылы Луис әскерден қайтып, оқуын жалғастырады.
1919 жылы Клайв Хәмилтін деген лақап атпен Spirits in Bondage деген өлеңдер жинағын жариялайды.
1923 жылы бакалавр, кейін магистр дәрежесін алған.
1924 жылы университет коллежінде философиядан дәріс береді. 1925 жылы ғылыми қауымдастық мүшесі болып сайланып, Магдалина коллежінде ағылшын әдебиетінен сабақ береді. Осы жерде 1954 жылға дейін жиырма тоғыз жыл қызмет етеді.
1926 жылы Клайв Хәмилтін деген атпен Dymer деген өлеңдер жинағын шығарады.
Екінші дүниежүзілік соғыс
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1939 жылы соғыс оты тұтанғанда Луис отбасы Килнстегі үйінде Лондоннан, басқа да қалалардан эвакуацияланған балаларды панасына алады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда автор қырықта болған. Ол әскер қатарына жаңа алынғандарға инструктор болайын деп қайта әскерге баруды құп көреді. Алайда бұл өтінішін қабыл алмайды. 1941-1943 жылдары ол Лондонда BBC-ден діни хабар таратады. Бұл бағдарлама әскерилердің де, бұқара халықтың да көңілінен шығады.
1942 жылы ол Британ империясы ордені берілгендер тізіміне енеді, алайда Луис марапаттан бас тартады. Бұған қандай да бір саяси мәселелерге қатысы болғанын қаламағаны себеп болған екен.
Соғыс кезінде Оксфордтың Сократ клубының басшысы болады, бұл міндетін 1954 жылы Кембрижге кеткенше атқарады.
«Инклингтер». Кембриж университеті
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1933—1949 жылдары «Инклингтер» әдеби клубына мүше болған достарының саны артады. Олардың арасында Толкин, Уорен Луис, Хюго Дайсон, Чарлз Уилямс, Роберт Хавард, Оуэн Барфилд, Уэвил Когхил және тағы да басқалары болған.
1950—1956 жылдары Луиске зор атақ әкелген «Нарния шежіресі» сериясы шығады. «Ақтық шайқас» кітабы үшін Карнеги сыйлығын алады.
1954 жылы Кембриждегі Магдалена коллежінде жаңа құрылған «Орта ғасыр және қайта өрлеу кезіндегі әдебиет» кафедрасының меңгерушісі болады. Әйткенмен өз үйі қалған Оксфордқа деген махаббаты ерекше еді, сондықтан өле-өлгенше, яғни 1963 жылға дейін сол үйіне демалыс сайын келіп-кетіп жүреді.
1955 жылы Британ академиясына мүше болып қабылданады.
Жой Дэвидмен
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Орта жастан асқанда Луис еврей текті америкалық жазушы Хелен Жой Дэвидменмен сөйлесе бастайды. Ол атеист болып, кейін христиандыққа бет бұрған бұрынғы коммунист еді. Ішкіш, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын күйеуі, жазушы Уилям Грешемнен кетіп, екі ұлы Дэвид пен Дугласты жетектеп Англияға барады. Луис оны талантты да ақылды серік, жақын дос деп біледі. Луис екеуі азаматтық некеге тұрады, бұл әйелге Ұлыбританияда қалуға мүмкіндік береді.
Алайда көп ұзамай Жой белім ауырады дейтін болады, тексере келе сүйек обырына шалдыққаны анықталады. Онысы тым асқынып кеткен екен. Дегенмен екеуінің қарым-қатынасы өрби береді, нәтижесінде құдай алдында некесін қимақ болады. Алайда шіркеу Жой күйеуден шыққан әйел деп көне қоймайды, содан бұлардың досы Питер Байд 1957 жылғы 25 наурызда Черчхилл ауруханасында Жой жатқан палатада екеуінің некесін қияды.
Кейінірек Жойдың жағдайы нашарлай бастайды, олар Уоррен Луиспен бірге бір отбасындай болып 1960 жылға дейін тұрады. Осы жылы Жой жазда қайтыс болады. Өлерінен сәл бұрын олар Грекияның Эгей теңізіне барып демалып қайтады. Демалыс кезінде Афина, Микена, Родос, Гераклеон және Кносс деген жерлерге барады. Луис саяхатты сүймегенімен, серуендегенді жаны қалайтын.
Жой өлген соң Луис әйелімен еріп келген балаларын бағып-қағады. Дуглас Грешем шешесі мен Луис сияқты христандықты құп көреді, ал Дэвид Грешем шешесінің туа біткен дінін қабылдап, өз еркімен ортодоксал еврей болады. 2005 жылғы сұхбатына зер салсақ, Дуглас Грешем ағасы екеуінің арасы соншалық жақын емес, бірақ электрон поштадан хат алысып тұрамыз дейді. Дуглас осы күнге дейін Луистің мұрагері саналады, оның мүлкін басқару ісіне белсене араласады.
Ауырғаны және өлімі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]К.С. Луистің бейіті Хадиңтондағы Қасиетті үштік шіркеуінің маңында жатыр.
1961 жылы Луистің бүйрегі қабына бастайды, жүре-жүре ауру қанына тарап кетеді. Дерті асқынып Кембриждегі оқытушылығын тоқтата тұрады. 1962 жылы денсаулығы әжептәуір жақсарады, сөйтіп сәуір айында жұмысқа қосылады. Денсаулығы күннен күнге жақсара бастайды, тіпті досы Жорж Сойер 1963 жылдың басында құлан таза айықты дейді. Алайда сол жылдың шілдесінде мазасы кетіп, ауруханаға түседі. Ертесі түс қайта жүрегі ұстап қалады. Комаға түсіп, ертесі түскі екілерде есін жияды. Ауруханадан шыққан соң әлсіз екеніне қарамастан, жұмыс істеуге жарамайтынына мән берместен Луис Килнске оралады. Не керек, содан тамыз айында ауру меңдеген Луис Кембриждегі жұмысын біротола қояды. Қараша айында халі тіпті нашарлап кетеді, бір аптадан соң алпыс беске толады деп отырғанда сағат 17:30 жатын бөлмесінде талып қалып, бірнеше минуттан соң жан тапсырады. Луисті Оксфорд аумағындағы Хедиңтондағы Қасиетті үштік шіреуінің ауласына жерлейді. Жанында бауыры Уоррен Хамилтон «Уорни» Луис жатыр, ол Клайвтан кейінірек 1973 жылы сәуір айында қайтқан.
Бұл өмірден ұлы жазушы өткенін сол кезде ешкім білген де жоқ, еш атаусыз қала берді. БАҚ беттерінде шулап жазған жоқ. Оның себебі де жоқ емес. Дәл сол күні Луис өлген соң елу бес минуттан соң Жон Кеннедиге қастандық жасалған-тұғын. Жазушының өлімі осы бір шулы атыстың тасасында қалып қойды.