Тәжіктер

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Тәжіктер
тәж. Тоҷик
Бүкіл халықтың саны

20,000,000

Ең көп таралған аймақтар
 Ауғанстан

8,000,000

 Тәжікстан

4,758,400

 Өзбекстан

1,165,713

 Пәкістан

1,000,000

 Ресей

200,303

 Қырғызстан

46,105

 Қазақстан

36,277

 Украина

4,255

Тілдері

тәжік тілі

Діні

ислам

Этникалық топтары

парсылар

Тәжіктер (тәж. Тоҷик, парсы: Tājīk, تاجيک، تاجک‎) — парсы тілінде сөйлейтін ирандық ұлт, Тәжікстанның байырғы халқы. Тәжіктер Тәжікстанда, Өзбекстанда, Ауғанстанда, сонымен қатар Қазақстанда, Түрікменстанда, Ресейде, Иранда тұрады.

Антропологиялық жағынан тәжіктер европеоидтік нәсілдің памир-ферғаналық тобына жатады. Ішінара моңғолтектілер де кездеседі. Тәжік тілінде сөйлейді. Тәжік тіліндегі алғашқы жазба ескерткіштері ІХ ғ. жатады, оларда араб графикасы қолданылды. 1930 жылы тәжік тілі үшін латын әліпбиі қабылданып, ол 1940 жылы орыс (кириллица) графикасына аударылды. Тәжік тілінде төрт диалектілік топ ерекшеленеді: солтүстік (Бұхара және Самарқан, Ферғана алқабы, Ура-Төбе, Пенджикент сөйленістері және т.б.), орталық (жоғарғы еравшан), оңтүстік немесе қаратегин (каратегин, куляб, рог және бадахшан сөйленістері), оңтүстік-шығыс (дарвоз сөйленістері).

Тәжік ақсақалы

Тәжіктердің басым көпшілігі ислам дінінің сүннит тармағын ұстанады. Аздаған бөлігі шииттер. Шамалы шиит қауымдарын Орта Азияда «ирандықтар» деп атайды. Ауғанстанның батысында фарсивандар деп аталатын ерекше топтар бар, олар негізінен Памир халықтарының ізімен исмаилшылдықты уағыздайтын шииттер мен Памир тəжіктері.[1]

Тәжіктердің халық болып қалыптасуы біздің заманымыздан бұрын 1-мыңжылдықтан басталған (қаласы Соғды). Олар көне Бактрия, Соғды және Ферғана жазығын мекендеп, егіншілікпен айналысқан халықтардан (бактриялықтар, соғдылар, паркандар) және көшпелі сақтардан қалыптасқан. 6 ғасырда Түрік қағандығының құрылуына байланысты түріктің этникалық ықпалы күшейе бастады. 8 ғасырда араб жаугершілігі кезінде Орта Азияда Тәжіктердің үш этникалық тобы болды: солтүстігінде соғдылар, орталығында ферғаналықтар, оңтүстігінде тохарлар.

Басқыншыларға қарсы күрес халықтың бір этникалық топқа топтасуына ықпал етті. 9—10 ғасырларда Самани әулеті мемлекетінің құрылуымен тәжік халқының қалыптасуы аяқталды. 10 ғасырдың аяқ кезінде түркі тайпаларының, ішінара моңғол тайпаларының көшіп келіп қоныстануы отырықшы тәжіктердің түркілену барысын тездетті. Бұдан кейін де түркі тайпаларының толассыз көшіп келуі жазықтағы тәжіктердің ғасырлар бойы түркіленуіне әсер етті. Таудағы және қалалы жерлердің түркіленуі баяу жүрді.

Тәжіктер ерте заманнан суармалы егіншілікпен, бау-бақша өсірумен айналысып келген. Мал шаруашылығы қосалқы рөл атқарды. Қолөнері дамыған, әсіресе, ағаштан, алебастрдан (ақ гипстен) ою-өрнек, түрлі бұйым, мүсін, сәндік заттарын жасау дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген.[2] Мақта, жібек, жүн және шұға маталар тоқу (таулы аудандарда ер адамдар тоқыған), зергерлік өнер, көзелік, тоқыма тоқу және кесте кестелеу (әйелдер) кәсіптері дамыған.

Үйлері негізінен, балшықтан соғылған (таулы аудандарда тас үйлер де бар), шатыры жайпақ, кейде террасасы (айвон) болған. Тұрғын үй ерлер және әйелдер бөліктеріне бөлінген. Қонақтарға арналған ерекше бөлме (мехмонхана) тән, онда еденге киіз, мақта және жүн алашалар, кілемдер төселген, олардың үстіне үйжайдың бойымен көрпешелер (курпача) тасталған және ортасына – дастархан жайғастырылған. Қабырғаларын кестемен безендірген (сюзани).

Тәжік ұлтының мәдени мұрасы мен салт-дәстүрі өте бай. Тәжіктердің салт-дәстүрі өмірлерінің едәуір бөлігін қамтиды: күнделікті тұрмысы мен мерекелеріне дейін. Қалада да, ауылда да тұрмыс-тіршілігімен байланысты салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды ұстанады. Тәжікстанның өзінде ауылдарда және шағын қалаларда ұлттық киімдерін киіп жүретіндерді кездестіруге болады. Үйлену тойларында, басқа да іс-шараларда ұлттық би мен музыкасы міндетті түрде ойналады.

Тәжік ұлттық билері ерте орта ғасырға дейін пайда болған. Олар тұрмыстық маңызды оқиғаларда: бала туу, отбасылық мереке және басқа да іс-шаралармен байланыстырылып отырған. Ол бірнеше стильге бөлінеді: памирлік, таулық, бұхаралық, оңтүстік (Хатлон аудандарының тобы), Солтүстік Тәжікстанның Гиссар аңғары. Олардың әрқайсысы түрлі костюмдерімен, қимылдарымен және өңір тұрғындарына тән мәнерлерімен өзгешеленеді.

Тәжік ұлттық биі келесі түрлерге бөлінеді: би-пантомима (ең көне түрі) жануарлар мен құстарға еліктеуге негізделген, жоралғы биі – раксхои маросими, пойамал биі Памир ауданында сақталған. Сонымен қатар салт билеріне «гилем» – кілем, «бофт» – мата, «ошпаз» – аспаз жатады. Ерлер биіне жауынгерлер биі жатады. Олардағы қозғалыстар өкпек болып келеді: динамикалық, жылдам, күш пен қуатты бейнелейді. Шамшербози – қылышпен, кордбози – пышақпен, оташбози – отпен билейтін би. Музыкалық аспаппен билейтін ерлер мен әйелдер биі – ракс бо дутор (дутармен), ракс бо дойра (дабылмен), ракс бо гижжак (гиджак).[3]

Таулы аудандардағы негізгі азық-түлік – тандыр нан, сүт тағамдары, күріштен жасалған тағамдар, көкөніс пен жемістер. Нан тандыр пештерде пісіріледі. Қой және сиыр етін жейді. Жазық жерлерде тұратын тәжіктердің мерекелік дәмдері – палау, таулықтардікі – қой етінен пісірілген көже (шурбо).

Тәжіктердің дәстүрлі киімінде әр этномәдени аймақтың өзіне тән ерекшеліктері болған, дегенмен ортақ сипаттары бар. Ерлерде – туника үлгісінде пішілген көйлек, ауы кең шалбар, қаусырма шапан, орамал белбеу, тақия, шалма мен табаны жұмсақ етік, басы үшкір келген тері калош (оларды жеке киген, кейде етіктің сыртынан киген), таулы жерлерде – табанында тау соқпақтарында жүруге ыңғайлы болу үшін жасалған үш бүртігі бар сабо үлгісіндегі туфли киген. Әйелдердің үстінде – туника үлгісінде пішілген біртегіс матадан, ал таулы аудандарда, әсіресе Дарбаз бен Кулябта – кестелі көйлек болған. Кең шалбарлар тобықты жауып тұрған. Бас киім – орамал, тақия (гиссарлық тәжік әйелдерінде). Қалалық және жазық жерлерде тұратын тәжік әйелдері қаусырма шапан, жергілікті аяқкиім киген. Таулықтарда шапан болмаған. Қыздар мен жас әйелдер негізінен иніші бар көйлек киген. Шалбарлары тарлау етіп тігіледі, жас әйелдерде тобықтан айтарлықтай жоғары болып келеді. Киім түрлі зергерлік бұйымдармен міндетті түрде толықтырылады: олар – сырға, білезіктер, жүріп келе жатқан кезде қозғалып, металдарының жарқылдап, тастарының жарқ-жұрқ етіп тұруы үшін көптеген салпыншақтары, шығыршықтары бар шекеліктер мен алқалар.[4]

Қазақстандағы тәжіктер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1926 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанның Сырдария губерниясында 7 579 тәжік тіркелді. Бұдан әрі тәжіктер (тәжік диаспорасының 80%-ға жуығы) Қазақстанның оңтүстік облыстарында, дәлірек айтқанда, Түркістан облысында тұруды жөн көрді. Қазақстанның тәжік диаспорасы санының жалпы динамикасы тұрақты өсу үрдісін мынадай түрде болды:

  • 15 981 (1970 ж.),
  • 19 293 (1979 ж.),
  • 25 319 (1989 ж.),
  • 25 659 (1999 ж.) адам.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. ЭТНОСАЯСИ СӨЗДІК: Қазақстан этносаясаты мен тәжірибесінің терминдері мен ұғымдары. Нұр-Сұлтан, 2020. 163-бет. ISBN 978-601-287-224-8
  2. Қазақ Энциклопедиясы, 8-том
  3. Қазақстан халқы Ассамблеясы. Тәжіктердің мәдениеті мен тұрмыс салты. Нұргүл Шатекова 22 Қараша, 2018 ж.
  4. © 2022 Восточно-Казахстанский областной архитектурно-этнографический и природно-ландшафтный музей-заповедник. Тәжіктер.